Жаңа жасың құтты болсын, Жамбылым!- Гүлдара Нұрымова
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 19:49
- 22
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойына арналған құттықтауын айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Осыдан 85 жыл бұрын қасиетті Әулиеата жерінде Жамбыл облысы құрылды. Ғасырға жуық тарихы бар өңірге жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Мұндаға дейін еліміз бойынша ақынның атымен аталатын жалғыз аймақ Жамбыл облысы болды. Көне тарихқа көз жүгіртсек, тоғыз жолдың торабын түйістірген Жамбыл жері Жібек жолының жүрегі ғой. Сондықтан ертеден ел қонған аймағымыз сауда, экономика мен мың жылдық мәдениеттің мекені. Өңірімізде қазақ жеріндегі алғашқы өркениет нышаны түзіліп, қалыптасты. Қойнауында қатпарлы Қаратау тауы, толқыны тулаған Талас өзені бар, топырағы құнарлы, табиғаты көркем аймақтың даму жолында Тараз қаласының рөлі зор болды. Сондықтан екі мың жылдық тарихы бар көне шаһар облыс орталығы болып бекітілді. Жамбыл облысы жеке дара аймақ атанған сәттен бастап дамудың даңғыл жолына түсті. Мемлекеттің қолдауымен өңірдің өндірісі дамып, агро саласы алға басты. Экономикасы ілгерілеп, сәулеті мен келбеті түрлене түсті. Дағдарыс кезеңдерінде, тарихтың тағдырлы уақытында да өңір өзінің болмысын сақтап қалды. Бүгінде ел тұрмысын тіктеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Баспаналар бой көтеріп, шағын аудандар салынып, әлеуметтік нысандар көбейіп келеді. Аудандар мен ауылдардың да бәсі биіктей түсуде. Бүгінгі күні Жамбыл өңірі өрлеу кезеңінде. Қазіргі кезде аймақта атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар соның айғағы. Өзім де осы өңірде өстім. Алғашқы еңбек жолымды аймақта ақ халатты дәрігер болып бастадым. Облыс тұрғындарының денсаулығын жақсартуға үлес қоссам деген үлкен арманымды жүзеге асырып, “Мейірім” медициналық мекемесін ашуға мүмкіндік алдым. Еліміздің саяси өміріне атсалысып, қалалық және облыстық мәслихат депутаты болдым. Менің алғашқы баспалдағым, алдыға қойған мақсатым Жамбыл жерінде бастау алды. Ары қарай елдің батасы, сайлаушылар сенімінің арқасында Арқа төсі - Астанада қазақ халқына, Қазақстан заңына қызмет ету бұйырды. Мәжіліс депутаты ретінде Жамбыл облысындағы қордаланған мәселелерге қозғау салып, аймақтың алға дамуына үлкен үлес қоссам деймін. Қасиетті топырақ, қастерлі аймағымыз барлық салада мықты мамандарымен мақтана алады. Аймақтың атын шығарып жүрген азаматтарымыз көбейе берсін. Облыс тұрғындарының отбасына амандық, бақ, береке тілеймін. Әулиеата өңірінің әл-аухаты артып, өңіріміз өркендей берсін! Ендеше, 85 жылдық асуың құтты болсын, Жамбыл жері!»,- деді мәжіліс депутаты.