Жаңатастағы сел жүрген аумақта тазалық жұмыстары жүргізілді
Облыс әкімі зардап шеккен тұрғындардың үйіне арнайы барды
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сел өткен Жаңатас қаласының көшелерінде тазалық жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Осыдан 3 күн бұрын Жаңатаста таудан басталған селден моноқаланың 13 көшесіндегі барлығы 47 үй, 1 әлеуметтік нысан және 400 аула аумағын су басқан еді. Осыған орай, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қазақтың ежелгі салтымен «Асар» дәстүрі қолға алынды. Яғни, Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Байзақ және Талас аудандарының еріктілері зардап шеккен көшелерге асарлатып тазалау жұмыстарын жүзеге асырды. Оған 150-ге жуық азамат пен 15 техника қатысты. Облыс әкімі тазалық шарасына арнайы қатысып, аудан тұрғындарын акцияға ат салысуға шақырды.
Аймақ басшысы мұнан кейін қызыл судан зардап шеккен тұрғындардың бүлінген баспанасына бас сұғып, ахуалын көрді. Жалпы мұнда 47 үйге су кірсе, оның 2-еуі тұруға жарамсыз. Ербол Қарашөкеев жұртты сабырға шақырып, барлық шығын мемлекет тарапынан өтелетінін айтты.