Жамбыл жаңалықтар

Жақсылыққа жақ, жамандыққа жоқ – Жайдар

Жақсылыққа жақ, жамандыққа жоқ – Жайдар

Әлемді құтқаратын бір құдірет болса, ол – мейірім. Рас қазір қоғам тасбауырланып, адамдар құлқынның құлы болып кеткені көп айтылады. Мүмкін солай да шығар. Дегенмен қанатымен су сепкен қарлығаштай қиналғанға қол ұшын созуға, сүрінгенді демеуге асық, жүрегі мейірімге толы жандар да жоқ емес.

Жуырда мойынқұмдықтар жүрек толқытар сәттің куәсі болды. Бәрін басынан бастасақ... Өткен сәрсенбіде таңертең жұмысқа кетіп бара жатқан аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев тосын оқиғаның үстінен түседі. Анығы, Жайдар Саттарқұлұлы «Абылай хан» алаңының жаяу жүргіншілер жолағының бойында ес-түссіз жатқан қызды көзі шалады. Көлігін тоқтатып, қыздың жанына барғанда жағдайдың қиын екеніне көзі жеткен білім бөлімінің басшысы көп ойланбастан іске кісіреді. Арада көп уақыт өтпестен алаңға жақын маңда орналасқан М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейдің қызметкерлері мен медбикесі Гүлнұр Үсібәлиева келіп жетеді. Тыныс алуы қиындап жатқан бойжеткенге дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Науқас енді-енді есін жиын, өз-өзіне келе бастағанда жедел жәрдем қызметкерлері келіп, ауруханаға алып кетеді. Қазіргі таңда бойжеткеннің жағдайы қалыпты. Аудандық ауруханада ем қабылдауда.

Осылайша, 19 қазан – Құтқарушылар күні қарсаңында бір адамның өмірін өлімнен арашалап қалған Жайдар Саттарқұлұлы көпке үлгі, өнеге боларлық іс жасап, Абай хакім айтқандай әлемді мейірім құтқаратынына көзімізді жеткізді.

А.ГАУҺАРБАЙҚЫЗЫ

 Мойынқұм ауданы