Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына – 30 жыл. Мерейтойды ел игілігіне арналған істермен атап өтуді мақсат еткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазір еліміздің барлық аймақтарында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстарды жүзеге асыруда. Сондай көңіл қуантатын істің бірі Жамбыл ауданындағы Аса ауылында да атқарылды.
Ондағы имамдар Жалпақтөбе ауылындағы көпбалалы жалғызбасты әкеге 4 бөлмелі баспана кілтін тарту етті. Оған қоса осы ауданға қарасты Бесағаш, Жасөркен, Жалпақтөбе ауылдарындағы мешіт қызметкерлеріне де қызметтік үй салып берді. Сонымен қатар, мерейтой аясында Қаракемер, Бірлесу-Еңбек, Бесағаш ауылдарындағы мешіттердің жанынан асхана ашып, аудан аумағындағы 7 мазараттың қоршауын жасады. Бірлесу-Еңбек, Бесағаш, Қаракемер, Жалпақтөбе, Жасөркен ауылдарының мешіттерін күрделі жөндеуден өткізді. – Барлық іс көпшіліктің бірігуімен ғана нәтижелі болмақ. Сол секілді біздің Жамбыл ауданының жамағаты да ортақ мүддеге негізделген іске барынша үлес қосуға күш сала білді. Сол бірліктің арқасында осындай оң істер тындырылып отыр, – дейді ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Әмірбеков. Мерейтойды көпке пайдасы зор іс тындырумен атап өтуді көздеген ҚМДБ өкілдеріне халық та риза. Нағыз қуанышты атап өтудің сипаты осындай болса керек-ті.
Қамар Қарасаеваjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз