Жамбыл ауданындағы Бесағаш ауылында жаңа спорт кешені ашылды
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Жамбыл ауданының Бесағаш ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Салтанатты шараға облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, спорт ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Қос қабатты жаңа кешен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтерді. Жоба құны – 446,7 млн теңге. Мұнда балалар мен жасөспірімдер күрес, бокс, футбол, баскетбол, волейбол сияқты спорт түрлерімен айналыса алады.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, биыл дәл осындай кешен Тастөбе ауылында да салынбақ.
Жалпы, 2024 жылы Жамбыл облысында 115 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 3 демеушілер есебінен салынған спорт кешені және 103 спорт алаңы бар. Бұл облыс халқының спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейін 68,3%-ға жеткізді.
Қазіргі таңда өңірде 503 мың адам немесе тұрғындардың 41,2%-ы спортпен жүйелі түрде айналысады.