Жамбыл өңіріндегі серпіліс: инвестиция, индустрия және аграрлық жаңғыру
ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ АЛҒАШҚЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАР
«Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бекер айтылмаса керек. Шындығында, соңғы жылдары Жамбыл облысының т абиғи байлығы мен әлеуеті айқын көріне бастады. Алайда тұрмыстың нақты жақсаруы мен экономикалық серпінге жету үшін жүйелі қадамдар қажет болды. Осыдан екі жыл бұрын облыстық қоғамдықсаяси және жастар газеті «ARAI» басылымында «Тұнып тұрған байлығымыз болса да, тұрмысымыз түзелер емес» деген тақырыпта сұхбатым жарияланған болатын. Сол кезде біз өңірдің әлеуетін толық пайдалану жолдарын талқыладық.
Бүгінгі күнде жеткен нақты өзгерістерді бағалау үшін Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бақылау туралы» заңы аясында арнайы бақылау тобы құрылып, облыс көлемінде кешенді мониторинг жүргізілді. Бақылау барысында Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы мен «Тараз» индустриялық аймағында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, 2023 жылға дейін арнайы экономикалық аймақта жүйелі даму қарқыны байқалмаған. Алайда 2024 жылдан бастап жағдай түбегейлі өзгерді. Нақты стратегиялық жоспарлар әзірленіп, жобалар саны 22-ге дейін ұлғайды. Сонымен қатар жобаларды іске асыруға тартылған инвестиция көлемі 1,3 триллион теңгеге жетіп, аймақ аумағы 505 гектардан 1205 гектарға дейін кеңейтілді. Бұл – өңірде ірі өндірістерді шоғырландыруға бағытталған батыл қадам, экономиканы жаңа деңгейге көтеруге жасалған нақты стратегиялық қадам.
ӨНЕРКӘСІП: НАҚТЫ ӨСІМ МЕН НӘТИЖЕЛІ КӨРСЕТКІШТЕР
2025 жыл өңір өнеркәсібі үшін шын мәнінде тарихи кезең болды. Бұған дейін болмаған көрсеткішке қол жеткізіліп, кәсіпорындарда 1,3 триллион теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 15,6 пайызға артып отыр. Осындай қарқынды даму мен тынымсыз еңбектің арқасында облыс республика көлемінде 4 орынға көтеріліп, өзінің өндірістік қуаты мен экономикалық әлеуетін айқын танытты.
Бұл қарқынды өсім бірқатар негізгі салалардағы өндіріс көлемінің ұлғаюымен тікелей сабақтас.
Атап айтқанда, тау-кен өндіру саласы 32,4 пайызға өсіп, 256,1 миллиард теңгені құрап, жалпы көлемдегі үлесі 19 пайыз болды. Өңдеу өнеркәсібі де тұрақты дамуын көрсетіп, 12,8 пайызға өсіп, 834,6 миллиард теңгені құрады. Нәтижесінде бұл сала өңір өнеркәсібінің негізгі тірегіне айналып, жалпы көлемнің 62,2 пайызын иеленді. Электрмен жабдықтау саласы 6,9 пайызға өсіп, 242,7 миллиард теңгені немесе 18,1 пайызды құрады. Ал сумен жабдықтау саласы 2,5 пайызға өсіп, 9,1 миллиард теңгеге жетті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысының өнеркәсіп тарихында тұңғыш рет цемент өндіру көлемі 2 миллион тоннаға жетті, бұл республикада өндірілген барлық цементтің шамамен 14 пайызын құрайды. Өңдеу өнеркәсібінің өнімдері экспортының қарқынды өсуі байқалады.
2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіп өнімінің экспорты 311 миллион АҚШ долларын құрады немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 13,3 пайызын құрады.
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СЕРПІН ЖӘНЕ ІРІ ЖОБАЛАР
Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 764 ,5 миллиард теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 38,8 пайызға артты. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республика деңгейінде 3 орынға көтерілді. Мұның өзі аймақ экономикасының тұрақты дамып, инвестициялық тартымдылығының жылдан-жылға күшейіп келе жатқанын айқын аңғартады. Жалпы, инвестиция көлемінің басым бөлігі – 636,8 миллиард теңге – жеке қаржы көздеріне тиесілі. Бұл инвесторлар мен бизнес өкілдерінің өңірге деген сенімі жоғары екенін көрсетеді.
Айта кету керек, жеке инвестициялар өсімі бойынша облыс республика көлемінде 2 орынды иеленіп отыр. Қазіргі таңда облыстың инвестициялық қоржынында 2026- 2029 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жалпы құны 5,6 триллион теңгені құрайтын 116 ірі жоба бар. Бұл бастамалар толық іске асқан жағдайда 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға елеулі серпін береді. 2026 жылдың өзінде жалпы құны 471 миллиард теңгені құрайтын 47 жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде, 2,5 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, өңірдегі әлеуметтікэкономикалық ахуалдың жақсаруына оң әсерін тигізеді. Өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар салалар бойынша айқын бөлінеді.
Химия өнеркәсібінде жалпы көлемі 1 триллион теңгеден астам жобалар іске асырылуда. Бұл бағытта «Еврохим Қаратау», «Qazaq Soda», «Talas Investment Company», «Altynalmas Reagents», «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» және тағы басқа кәсіпорындарының бастамалары қамтылған.
Металлургия саласында жалпы құны 964 миллиард теңгеге жуық жобалар жүзеге асуда. Олардың қатарында «Yonggang Central Asia Iron And Steel», «Sany Renewable Energy», «Шоқпар Гагаринское» және «Шағала Майнинг» жобалары бар.
Аталған жобалар өңір экономикасына қосымша инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін болады.
ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ШЕШІМДЕР
«Тараз» индустриялық аймағы өңірдің өндірістік және инвестициялық әлеуетін арттыратын маңызды алаңға айналып отыр. Бүгінде мұнда жалпы құны 157 миллиард теңгені құрайтын 24 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 9,3 миллиард теңгенің 6 жобасы іске қосылып, нақты өндіріс кезеңіне өтті. Бұл – индустриялық аймақтың кезеңкезеңімен дамып, өңір экономикасына нақты үлес қоса бастағанының айқын көрінісі.
2025 жылдың III тоқсанында «Тараз» индустриалды аймағы және «Jibek Joly» АЭА аумағында жалпы ауданы 40 мың шаршы метр болатын 3 өндірістік алаң пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта өндірістік алаңдарда тамшылатып суару жүйелерін, тұрмыстық химия және басқа да өнім түрлерін өндіру жобаларын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Аймақ аумағында ерекше маңызға ие жобалардың бірі – фосфогипсті терең өңдеуге бағытталған өндіріс. Инвестиция көлемі 26 миллиард теңгені құрайтын бұл кәсіпорын жылына 160 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Жоба аясында ұзақ жылдар бойы жиналып келген өндірістік қалдықтар қайта өңделіп, жол тақталары, тротуар плиткалары мен құрылыс блоктары сияқты сұранысқа ие өнімдерге айналады. Бұл тек экономикалық тиімділік әкеліп қана қоймай, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға да елеулі үлес қоспақ.
Сонымен қатар индустриялық аймақта «KDM International Co., Ltd» компаниясы жүзеге асырып жатқан тағы бір ірі жоба бар. Құны 150 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл бастама аясында тәулігіне 900 тонна тұрмыстық қалдықты өңдейтін заманауи зауыт салынуда. Аталған жоба қалдықтарды тиімді басқару жүйесін қалыптастырып, экологиялық жүктемені азайтуға және «жасыл экономика» қағидаттарын дамытуға мүмкіндік береді.
«Тараз» индустриялық аймағында қолға алынған бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік инфрақұрылымын нығайтып, инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға серпін береді.
АГРОӨНЕРКӘСІП: ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫЛЫҚ
Жамбыл облысы ауыл шаруашылығын дамытуға ас а қолайлы өңір ретінде агроөнеркәсіп кешенін индустриялық негізге көшіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі – Shenqtai Biotech Co., Ltd компаниясының жүгеріні терең өңдеу кешені. Жобаның жалпы құны 800 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген кезде жылына 3 миллион тоннаға дейін өнім өңдеп, 1500-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қант саласында да жүйелі өзгерістер жүзеге асуда. Атап айтқанда, инвестиция көлемі 108 миллиард теңгені құрайтын, жылына 1 миллион тонна шикізатты өңдейтін жаңа қант зауытының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Тараз қаласындағы қант зауытын жергілікті шикізатты өңдеуге көшіру көзделсе, Меркі қант зауытында өндірістің үздіксіз жұмыс істеу циклі енгізілген. Бұл шаралар импортқа тәуелділікті төмендетіп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ АГРАРЛЫҚ САЛАДАҒЫ ЖҮЙЕЛЕУ
Өңірде энергия тапшылығының алдын алу мақсатында халықаралық деңгейдегі ірі жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, «Total Energies» компаниясымен қуатты жел электр станциясын және энергияны жинақтау жүйесі бар жел паркін салу жоспарланған. Жобаның жалпы құны 620 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар «Masdar» компаниясымен т ағы бір жел электр стансасын салу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, бұл бағытта өңірлер арасында көш ілгері келеміз.
Ауыл шаруашылығы саласында жүргізілген түгендеу жұмыстары бұрынғы статистикалық мәліметтердің шынайы жағдайға сәйкес келмейтінін көрсетті. Атап айтқанда, егістік алқаптарының көлемі 136 мың гектарға артық көрсетілген, су үнемдеу технологиялары енгізілді деп тіркелген 57 мың гектардың 17 мың гектары іс жүзінде пайдаланылмаған, ал мал саны 4,1 миллион деп көрсетілгенімен, нақтысында 3,4 миллион ғана болған.
Жүргізілген нақтылау және түгендеу шаралары саланың шынайы жағдайын айқындап, алдағы даму бағыттарын тиімді жоспарлауға мүмкіндік берді.
Жамбыл облысы – тек табиғи байлыққа ғана емес, стратегиялық шешімдерге, кәсіби басшылыққа және табанды еңбектің арқасында дамып келе жатқан өңір. Соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің экономикалық келбетін түбегейлі өзгертті. Алдағы 2026 жылға қаржыландыруға дайындалған жобалар пакеті өңірдің аграрлық әлеуетін одан әрі арттыруға берік негіз болмақ.
Мұндай ауқымды жетістіктер оңайлықпен келген жоқ. Бұл – облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қажырлы еңбегі, кәсіби біліктілігі мен үздіксіз ізденісінің нақты көрінісі. Облыстың инвестициялық тартымдылығын дұрыс көрсете білуінің арқасында шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып, халықаралық деңгейдегі жобалар жүзеге асырылуда.
Осы оң өзгерістер алдағы уақытта өз жемісін беріп, нақты нәтижелер арқылы металлургиялық, көмірхимия, агроөңдеу, құрылыс және энергетикалық кластерлерді қалыптастыруға, экономика құрылымын әртараптандыруға және халық көп тұтынатын негізгі тауарлар бойынша импортқа тәуелсіздікке қол жеткізуге кеңінен жол ашады. Жамбыл облысы өзінің әлеуетін толық аша отырып, нағыз экономикалық серпінге қол жеткізді.
Өмірбай САБЫРОВ,
Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы