Жамбыл жаңалықтар

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында күрделі операция сәтті жасалды

Науқас “Асқазан-ішек жолдарынан қан кету” диагнозымен жедел жеткізіліп, оның ауыр жағдайы шұғыл медициналық араласуды талап етті.

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының хирургия бөлімінде Шу ауданының 47 жастағы тұрғынына жоғары күрделіліктегі операция сәтті өткізілді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Тексеру барысында пациенттің асқазан асты безінде қатерлі ісік бары анықталды. Ол бұған дейін облыстық онкология диспансерінде есепте тұрып, қажетті ем-дом алған. Алайда, соңғы уақытта жағдайы күрт нашарлап, ісік іріңдеп жарылған, соның салдарынан қан кету басталған.

Бұл жағдайда шұғыл хирургиялық араласу қажет болды. Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері алдымен науқастың жағдайын тұрақтандыру үшін гемостатикалық және гемотрансфузиялық ем жүргізді. Кейін асқазан асты безінің гастропанкреатодуоденальды резекциясы жасалып, күрделі операция сәтті аяқталды.

Хирургиялық топтың жоғары кәсібилігінің арқасында ота ойдағыдай өтті, ал науқастың жағдайы тұрақталды. Қазіргі таңда ол үйіне шығарылуға дайындалуда.

Жамбыл облысында медицина саласының даму деңгейі жыл сайын артып келеді. Осындай жоғары күрделіліктегі операциялар мен заманауи емдеу әдістері көптеген науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беруде.