Жамбыл облысы қаржыландырылған бизнес-жобалар саны бойынша екінші орында
Жамбыл облысы қаржыландырылған бизнес-жобалар саны бойынша екінші орында
Жамбыл облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде «Бастау бизнес» жобасының түлектеріне бизнесті ашу және кеңейту үшін микрокредиттер беруге 1,8 млрд. теңге бөлінген. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев хабарлады. Ағымдағы жылдың 8 айында өңірдегі кәсіпкерлер жалпы көлемі 64,5 миллиард теңгені құрайтын несиеге қол жеткізген. Оның ішінде 36,6 миллиард теңге – екінші деңгейдегі банктер арқылы, 15 миллиард теңге – микроқаржы ұйымдары арқылы, 12,5 миллиард теңге – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы берілген. Несиелердің жалпы көлемінің 54 пайызы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылған. Биыл 227 несие беру, 295 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 1,7 миллиард теңгеге 301 өтінім қабылданып, 65,5 миллион теңгені құрайтын 12 жоба қаржыландырылды. Жамбыл облысы өңірлер бөлінісінде қаржыландырылған жобалар саны және көлемі бойынша екінші орында тұр.