Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының кезекті конференциясы өтті
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының кезекті конференциясы өтті
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағы кезекті ХV есеп беру-сайлау Конференциясын өткізді. Конференция жұмысында соңғы бес жылда облыстық салалық ұйымның есебі беріліп, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, кәсіподақтың құқықтық қызметінің пәрменділігі, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру бағытында атқарылған жұмыстар сараланды. Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың берген облыстық Комитеттің есепті баяндамасын тыңдап әрі талқылай келе 803 бастауыш ұйымға біріккен 65 мыңнан аса кәсіподақ мүшелерінің атынан сайланған 135 делегат Жергілікті кәсіподақтың 2019-2023 жылдар аралығындағы жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады. Олай деуге негіз де жоқ емес. Есепті кезеңде Жергілікті кәсіподақ ұйымы өз мүшелерінің еңбек, әділетті де лайықты жалақы, қауіпсіз әрі оңтайлы еңбек жағдайын жасау, әлеуметтік қамсыздандыру, сапалы білім алу мен денсаулық сақтау секілді әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауда нәтижелі жұмыс көрсеткен. Есепті жылдар ішінде облыстық ұйымның кезектен тыс 1 Конференциясы, Комитеттің 5 Пленумы, Атқарушы органның 38 мәжілісі, бірнеше жұмысшы кездесулер, актив жиналыстары мен «дөңгелек үстел» отырыстары өтіп, онда ынталандыру, мүшелік базаны арттыру, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, кәсіподақ ұйымдарының құқық қорғау қызметінің тиімділігін көтеру, оқытуды жетілдіру сынды сұрақтар қаралып, талқыланған. Осы кезеңде 14 форумдар мен актив жиналыстары, «дөңгелек үстелдер» мен өзге де қоғамдық мәні бар шаралар, байқаулар, алқалы жиындар ұйымдастырылып, өткізілген. Кәсіподақ қызметіндегі ерекше басымдыққа ие бағыттың бірі – Әлеуметтік әріптестік. Есепті кезеңде 2018-2020 жылдарға және 2021-2023 жылдарға - 2 мерзімге Келісім мен Ұжымдық шарттар қабылданған. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық екіжақты комиссияның 24 отырысында 39 сұрақ, ал жеке еңбек дауларын қарау бойынша құрылған Келісу комиссиясының 9 отырысында 14 сұрақ қаралды. Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық ұйымында Тәуелсіз Қазақстан аумағында алғашқы болып құрылған - Кәсіподақтық құқықтық еңбек инспекциясы нәтижелі жұмыс атқарып отыр. Батыл бастамалардың нәтижесінде бүгінгі күні құқықтық қызметтің сала өкілдеріне мейлінше жақын әрі қол жетімді болуына, кәсіподақтың әр мүшесі тегін сапалы заң кеңесін алу мүмкіндігіне ие болуда. Кәсіподақтың құқықтық қызметінің жұмыс нәтижелері өз тиімділігі мен өнімділігін мейлінше дәлелдеп отыр. Құқықтық қызмет бойынша есепті мерзім ішінде тек кәсіподақ заңгерлерінің қабылдауында 13 683 сала өкілі болып, 38 908 құқықтық қызмет көрсетілген. Құқықтық инспекторлармен білім мекемелерінде 1730 тексеру жүргізіліп, онда еңбек заңдылығын бұзудың 5492 жағдайы анықталған. Кәсіподақ мүшелерінен 2637 арыз-өтініш түсіп, 2714 жазбаша түсіндірме берілсе, жеке қабылдау, телефон, электрондық почта және БАҚ арқылы берілген кеңестердің саны 35 862 құрады. Осы мерзімде кәсіподақтық инспекция қызметкерлерімен сотқа 64 материал дайындалып, 69 кәсіподақ мүшесіне түрлі инстанциядағы соттарда тегін өкілеттік камтамасыз етілді. Белсенді құқықтық іс-әрекет нәтижесінде аталған кезеңде 72 кәсіподақ мүшесі қайта жұмысқа орналастырылды және заңсыз жұмыстан босауына тосқауыл қойылды. 2015 жылдан бастап кәсіподақта құқықтық қызметтердің экономикалық тиімділігі деп аталатын арнайы бағалау жүйесі тәжірибеге енгізілген. Бұл жүйе сала өкілдеріне кәсіподақтың құқық қорғау жұмыстары нәтижесінде қайтарылған немесе сақталып қалған қаржы мөлшерінің жиынтығын көрсетеді. Осы орайда, кәсіподақтың құқықтық қызметтің пәрменді әрекеті арқылы қарапайым еңбеккердің қалтасына 2019-2022 ж.ж. есепті кезеңде 1 млрд. 401 млн. тг аса соманы қайтаруға қол жеткізілді. Есепті мерзімде Оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 2 аймақаралық, 41 көшпелі, барлығы 73 семинар ұйымдастырылып, 5578 сала қызметкері мен жұмыс беруші өкілі кәсіподақтық оқумен қамтылды. 2015 жылдан бері жарыққа шығатын «Еңбекші» салалық газеті мен республикалық, облыстық мерзімді басылым беттерінде 436 мақала жарияланды. Кәсіподақ қызметін насихаттау мен баяндау мақсатында облыстық телеарналарда 20 аса сюжет көрсетілді. Салалық сайт пен кәсіподақтың әлеуметтік желідегі парақшаларында 829 ақпарат жарияланды. Кешегі пандемия кезінде облыстық кәсіподақ ұйымы мен оның құрылымдық бөлімшелері 80 млн.тг. кәсіподақтық қаражат жұмсап, 457 бірлік электрондық құралды білім мекемелерінің игілігіне берді. Сонымен қатар, мүшелік ұйымдардағы әлеуметтік әлжуаз топтарды азық-түлік және тұрмыстық-гигиеналық заттармен қамтамасыз ету, кварцтық лампалар алу, жұмыс орындарын антисептикпен қамтамасыз ету, бір реттік материалдық көмек беру сынды жұмыс та жалғасын тауып, оған жұмсалған кәсіподақ қаржысы 72 млн. теңге құрады. Есепті мерзімде 17 121 сала қызметкері мен 968 баланың демалысын ұйымдастыруға Кәсіподақ бюджетінен 511,2 млн теңге қаражат жұмсалды. Басты әлеуметтік әріптес - Білім басқармасымен бірге жаңа оқу жылының басталуы мен Ұстаздар күні кәсіби мерекесінде «Үздік инновациялық мектеп», «Үздік қала мектебі», «Үздік шағын жинақталған мектеп», «Үздік ауыл мектебі», «Үздік колледж» аталым жеңімпаздары мен бірқатар озық ойлы озат ұстаздарды ынталандыруға 8.5 млн.тг кәсіподақ қаржысы берілді. Осы тәжірибе енгізілген 7 жылда 35 білім мекемесі мен ұйымы, 126 үздік ұстазға салалық кәсіподақ қаржысынан 43 млн.тг ынталандыру сыйақысы табысталды. Еңбек ұжымдарында кәсіподақтың ықпалын арттыру және одақішілік жұмыстың озық тәжірибелерін тарату мақсатында 2019, 2021 жылдары «Күшті бастауыш ұйым – қуатты кәсіподақ!», 2022 жылы «Әлеуметтік әріптестер» Форумы өткізілді. Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған «Үздік ұжымдық шарт» республикалық байқауда Жергілікті кәсіподақтың Талас аудандық комитеті сала бойынша Бас жүлде иеленіп, салааралық кезеңде жүлдегер атанды