Жамбыл облысы бойынша 362 адам 1,8 млрд теңге көлемінде микронесие алады
Өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат жиынында халықты жұмыспен қамтамасыз ету шаралары бойынша атқарылған шаруалар баяндалды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтың айтуынша, биыл облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 1 008 адамға 1,4 млрд теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланып отыр. Грант алуға өтініш беру порталы 8-ші сәуірде іске қосылған. Қайтарымсыз гранттар 2 лекпен берілмек. Сонымен қатар, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында жастарға 2,5 пайызбен микронесие беріледі.
Бұдан соң басқарма басшысы аудандардағы әлсіз жұмысты атап, саладағы төмен көрсеткіштерге тоқталды. Атап айтсақ, әлеуметтік жұмыс орындары бойынша Тараз қаласы, Жуалы, Қордай ауданы төмен көрсеткіш көрсетіп отыр. Сондай-ақ, «Алғашқы жұмыс орны» аясында Сарысу, Жуалы мен Меркіде, Т.Рысқұлов аудандарында атқарылған жұмыс аз. «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі, Мойынқұм, Сарысу аудандарында әлі басталмаған. Сылбыр жұмысты сынға алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.