Жамбыл облысы экономикалық өсім бойынша республикада үздік үштікте
Жамбыл облысы экономикалық өсім бойынша республикада үздік үштікте
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте ағымдағы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, есепті кезеңде облыстағы экономикалық өсім 104,6 пайызды құраған (республикалық көрсеткіш - 104,1 пайыз). Өнеркәсіптегі өнім көлемі 105,5 пайызды, ауыл шаруашылығы - 100,2, құрылыс - 106,2, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі - 111, инвестициялар - 111, ал сауда көлемі 105,3 пайызға айналған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлік-логистика саласындағы көрсеткіштер 6 пайызға артты. Ағымдағы жылдың екі тоқсанында орташа айлық жалақы 203,8 мың теңгені құрап, атаулы көріністе 25,8 пайызға өскен.
Жиынға бейнеконференция режимінде қатысқан аудан әкімдері жыл қорытындысымен кемшіліктерді түзететіндіктерін жеткізді.
Өңір басшысы экономиканың өсу қарқынын арттыру, инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру, азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Бұдан соң баяндама жасаған қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиев бюджет кірістері 4 пайызға ұлғайып, 334,1 миллиард теңгені құрағанын хабарлады. Өзіндік кірістер 70,7 миллиард теңгені құрап, 22,5 пайызға артқан. 341,1 миллиард теңге игерілсе, бұл жалпы қаражаттың 99,8 пайызын құрайды. Бюджетті игеруде Шу және Жуалы аудандары сылбырлық танытып отыр.
Күн тәртібінде келесі мәселе бойынша күзгі 2 айлық санитарлық тазалық, көгеріштендіру жұмыстарының өту барысы қаралды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, 10 қазандағы ақпаратқа сәйкес, облыс бойынша 16098 ағаш көшеті (жоспар 39,3 пайызға орындалды), 4440 шаршы метр гүлзарлар (81,8 пайыз), 1985 шаршы метр көгалдар отырғызылып (73,1 пайыз), 796 шақырым каналдар мен арықтар тазартылды (68,6 пайыз).