Жамбыл облысында 38 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды
Жамбыл облысында 38 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды
Жамбыл облысында өткен жылы 38 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтты. Аймақ басшысы өз сөзінде өткен жылдың қорытындысына сәйкес өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелері, Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы жөнінде есеп беріп, алдағы міндеттерге тоқталды.
Облыс әкімі егістік алқабы 30,3 мың гектарға ұлғайып, 752 мың гектарға жеткенін, пайдаланылмай жатқан 114 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын жеткізді. Өңірде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда.
2021 жылы облыста 12 ауылдық елді мекенге (46 мың адам) орталықтандырылған ауыз су құбыры жүргізіліп, қамтылу деңгейі 82,2%-дан 88,8%-ға дейін жетті. Сонымен қатар, 20 елді мекендегі 16 мың адам табиғи газбен қамтылып, газдандыру үлесі 88,6%-ға артты. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 479,1 шақырым жолдар салынып, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 95%-ға өсті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысында мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, аймақтық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыру да игі үрдіске айналған.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі қарқынды жұмыстарды жалғастыра түсу керектігін баса айтты.
Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін Президент тоқталған басымдықтар бойынша облыс әкімі өз орынбасарлары мен басқарма, департамент басшыларына, аудан әкімдеріне тапсырмалар беріп, олардың орындалуы қатаң бақылауда болатын атап өтті.