Жамбыл жаңалықтар

Жамбыл облысында 5,2 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында биыл экологиялық тазалық пен абаттандыру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, өңірде жыл басынан бері 47 түрлі іс-шара іске асырылған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Басқарма басшысының мәліметінше, бүгінгі күнге «Таза Қазақстан» акциясына 127,2 мың адам және 3,4 мың кәсіпорын мен мекеме атсалысқан. Акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 127,8 мың шаршы метр тұрғын үй ауласы, 3,1 мың шақырым көше, 858,8 шақырым арық жүйесі мен каналдар, сондай-ақ 81,6 мың шаршы метр саябақ пен скверлер тазартылды. Жалпы алғанда, 19,2 мың тонна күл-қоқыс шығарылған.

Акцияның ақпараттық қолдауы да жүйелі жүргізілуде. Биыл медиада 20 мыңнан астам материал жарияланып, баспа беттерінде 395 мақала, телеарналарда 245 сюжет, интернет-ресурстарда 541 материал, әлеуметтік желілерде 27 891 пост шыққан. Сонымен қатар, республикалық телеарналарда 57 сюжет беріліп, облыста 75 сыртқы көрнекі ақпараттық құралдар орналастырылды.

Экологиялық шараларға қаржылай қолдау да көрсетіліп отыр. Биыл абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына жалпы 11,9 млрд теңге бөлінген, оның ішінде абаттандыру және көгалдандыруға 9,8 млрд, санитарлық тазалыққа 2,1 млрд теңге жұмсалған. Жергілікті полиция қызметі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505 және 434-баптары бойынша аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзған және қоқыс тастаған азаматтарға қатысты 31,3 мың дерек тіркеп, жалпы 273,9 млн теңге айыппұл салған.

Жалпы, Жамбыл облысындағы «Таза Қазақстан» акциясы өңір тұрғындарының белсенділігін арттыруға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қалаларды таза ұстауға бағытталған тұрақты бастамаға айналып отыр.