Жамбыл облысында 8,5 шақырым жылу желісі жөндеуден өтеді
- авторjambylinfo.kz
- 17 сәуір, 2024
- 473
Облыс әкімінің ресми сайты хабарлағандай, күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатов баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы жылыту маусымы 15 сәуірде аяқталып, қалыпты деңгейде өткен. Тұрақтылық сақталып, ірі төтенше жағдайлар орын алған жоқ.
Өңірдегі отын-энергетика кешендерін алдағы жылыту маусымына дайындау шараларына 14,7 млрд теңге қарастырылған. Биыл 8,5 шақырым жылу желісіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы М-1 жылу магистралінің 4,5 шақырымы қайта жаңғыртылады және 1,8 шақырым жылу желісі күрделі жөндеуден өтеді. 2,7 шақырым жылу желісіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
«Алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша өңірде ауқымды жобалар іске асады. Әрбір құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстары күнделікті тұрақты бақылауда болуы тиіс. Ең бастысы, сапаға көңіл бөлініп, нысандар мерзімінде пайдалануға берілуі керек», — деді облыс әкімі.
Айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдағанда, жылыту маусымының барысын және энергетика инфрақұрылымын жаңғырту жобаларының іске асырылуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырған болатын. Сол кезде министр Ұлттық электр желісін дамыту бойынша атқарылып жатқан шаралар, 2023 жылғы маусымнан бастап енгізілген электр энергиясын сатудың жаңа механизмі туралы баяндап, қысқы жылыту маусымы қалыпты өтуі үшін енгізілген қосымша бақылау орнатылғаны туралы ақпарат берген еді. Тоқаев жылыту маусымының барысын және энергетика инфрақұрылымын жаңғырту жобаларының іске асырылуын айрықша бақылауда ұстауды, сондай-ақ ішкі нарықты жанар-жағармаймен және сұйытылған мұнай газымен үздіксіз қамтамасыз ету шараларын қабылдауды тапсырды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз