жұма, 5 желтоқсан, 2025 18:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысында алғаш рет «Заң мен тәртіп» керуені аудандарға жол тартты

Жамбыл облысында алғаш рет «Заң мен тәртіп» керуені аудандарға жол тартты
Фото: Jambylinfo.kz
Жоба қоғамда заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық сауаттылықты күшейтуге және жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған.

Бүгін құқықбұзушылықтардың алдын алу және халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланыс деңгейін арттыру мақсатында «Заң мен тәртіп» мобильді профилактикалық керуені өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Керуен құрамындағы мамандар елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездеседі, құқықтық кеңес беріп, өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Кеше облыстық полиция департаментінде керуенді шығарып салу рәсімі өтті. 

Алдымен департаменттің мәжіліс залында облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Турдалы Шералин және сала қызметкерлері арасында жиын өтті.

Басқосуда генерал-майор Қайсар Сұлтанбаев керуен мүшелеріне сәттілік тілеп, қоғамда құқықтық тәртіптің маңызын атап өтті.

– Кез келген мемлекеттің экономикалық өсімі, ең алдымен, қоғамдық тәртіп пен құқықтық мәдениеттің деңгейіне байланысты. Бұл туралы әлемдік тәжірибеде де дәлелдер жеткілікті.

Мәселен, Сингапур мемлекетінің даму жолын қарастырсақ, елдің сол кездегі Премьер-министрі Ли Куан Ю, ең әуелі, заң мен тәртіпті орнықтырудың маңызын атап өткен. Қоғамда тұрақтылық пен тәртіп орнамайынша, экономикалық өрлеудің де мүмкін еместігін түсініп, мемлекет даму бағытын соған қарай өзгерткен.

Осы тәжірибені ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанда заң мен тәртіп қағидатын бірінші кезекке қойып, бұл идеологияны тек мемлекеттік органдарда ғана емес, жалпы қоғамда кеңінен түсіндіруді тапсырды. Соған сәйкес Ішкі істер министрі, полиция генералы Ержан Сәденов биылғы жылды «Профилактика жылы» деп жариялап, ішкі істер органдарына нақты міндеттер жүктеді, – деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, керуеннің басты мақсаты – қылмыс салдарымен емес, себептерімен күресу. Тұрғындармен кездесулерде цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет-алаяқтық және кибербуллингтен қорғану бағытында кең ақпарат беріледі.

Керуен сапында жергілікті атқарушы орган өкілдері, прокуратура қызметкерлері, полиция, заңгерлер және психологтар бар. Әсіресе мектеп оқушылары, мұғалімдер және жастармен кездесулерге басымдық беріледі.

– Соңғы уақытта жасөспірімдердің түрлі жағымсыз ағымдарға еруі профилактикалық жұмыстың әлсіздігін көрсеткен еді.

Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты күшейту – басты міндет. Әр сапардан кейін тұрғындарды мазалаған сұрақтар жинақталып, талданып, жұмыстың қай бағытта күшейтілуі керектігі анықталады.

Сіздерге жүктелетін жауапкершілік жоғары, олардың әр сөзі, әр кеңесі бір адамның тағдырына, бір отбасының тыныштығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан халықпен кәсіби, сыпайы, ашық тілдесу – басты талап, – деп атап өтті Қайсар Сұлтанбаев.

Жиын барысында жоба авторы — облыстық полиция департаменті ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор-психолог Айжан Түктібаева да сөз сөйледі. Оның айтуынша, азамат өз құқығын және өз таңдауының салдарын түсінсе, көптеген құқықбұзушылықтың алдын алуға болады.

– Керуен құрамына енген 6 маман жолға шыққалы тұрмыз. Атап айтқанда, қатарымызда ювеналды полиция инспекторлары, киберполиция мамандары, есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының, сондай-ақ әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бөлімінің өкілдері бар.

Бастапқы кезеңде біздің топ Меркі, Шу және Қордай аудандарында жұмыс жүргізеді. Егер жоба сәтті жүзеге асса, алдағы уақытта басқа аудандар да қамтылатын болады. Профилактикалық кездесулерде барлық жас санатындағы тұрғындарды қамту ескеріледі. Дегенмен басымдық жасөспірімдерге беріледі, өйткені олар – біздің болашағымыз, елдің негізгі үміті. Сонымен бірге халық көп шоғырланатын жерлерде де түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, – дейді Айжан Түктібаева.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар