Жамбыл облысында алғаш рет «Заң мен тәртіп» керуені аудандарға жол тартты
Жоба қоғамда заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық сауаттылықты күшейтуге және жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған.
Бүгін құқықбұзушылықтардың алдын алу және халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланыс деңгейін арттыру мақсатында «Заң мен тәртіп» мобильді профилактикалық керуені өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Керуен құрамындағы мамандар елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездеседі, құқықтық кеңес беріп, өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Кеше облыстық полиция департаментінде керуенді шығарып салу рәсімі өтті.
Алдымен департаменттің мәжіліс залында облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Турдалы Шералин және сала қызметкерлері арасында жиын өтті.

Басқосуда генерал-майор Қайсар Сұлтанбаев керуен мүшелеріне сәттілік тілеп, қоғамда құқықтық тәртіптің маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, керуеннің басты мақсаты – қылмыс салдарымен емес, себептерімен күресу. Тұрғындармен кездесулерде цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет-алаяқтық және кибербуллингтен қорғану бағытында кең ақпарат беріледі.

Керуен сапында жергілікті атқарушы орган өкілдері, прокуратура қызметкерлері, полиция, заңгерлер және психологтар бар. Әсіресе мектеп оқушылары, мұғалімдер және жастармен кездесулерге басымдық беріледі.

Жиын барысында жоба авторы — облыстық полиция департаменті ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор-психолог Айжан Түктібаева да сөз сөйледі. Оның айтуынша, азамат өз құқығын және өз таңдауының салдарын түсінсе, көптеген құқықбұзушылықтың алдын алуға болады.