Жамбыл облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 111 жоба іске асырылуда
- авторСадуақас Айсұлу
- 3 шілде, 2025
- 263

Жамбыл облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мен әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстары қарқынды жалғасуда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
2025 жылы өңірдегі 71 ауылдық елді мекенде жалпы құны 15,3 миллиард теңгені құрайтын 111 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және ауылдардың өмір сүруге қолайлы ортаға айналуына бағытталған.
Биылғы жоспарға сәйкес, бір денсаулық сақтау нысаны, сегіз мәдениет үйі және он бір спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, жеті мектепке жапсарлас ғимараттар салу және бес білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізу қарастырылған. Ауылішілік жолдарды жақсарту бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда – барлығы 79 жобаның аясында елді мекен көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мәселен, Қордай ауданында ауылдық инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған 12 жоба іске асырылуда. Қақпатас ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатса, Үлкен Сұлутөр ауылында заманауи спорт кешені бой көтеруде. Ал Сортөбе ауылында бір ауысымда 200 адамға қызмет көрсете алатын емхананың құрылысы қолға алынған. Аудан көлемінде ұзындығы 24,7 шақырымды құрайтын 42 көшеде жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, Жамбыл облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы 2019 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 2019–2024 жылдар аралығында жалпы құны 68,3 миллиард теңгені құрайтын 957 жоба іске асырылып, 186 ауылдық елді мекен қамтылды. Осы жылдар ішінде 37 спорттық-сауықтыру кешені, 27 мәдениет үйі мен 16 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілді. Бұдан бөлек, 17 мектепке және 3 емханаға жапсарлас ғимараттар салынды, 2 әлеуметтік нысан жаңғыртылды.
Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым бойынша да бірқатар жұмыс атқарылды: 3 жоба электрмен жабдықтау, 2 жоба көгілдір отын тарту, 4 ауылда су құбырларын жаңғырту, сондай-ақ 23 білім беру нысанының қазандығын газға қосу шаралары іске асты. Сонымен бірге 48 білім беру, 16 денсаулық сақтау, 24 мәдениет және 7 спорт нысаны күрделі жөндеуден өтті.
Жол және коммуналдық желілерді жаңғырту бойынша да айтарлықтай жұмыстар атқарылды – 856 шақырым жол жөнделіп, 24 көше жарықтандырылды және 2 көшенің су құбыры желілері жаңартылды.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы өңірдегі ауылдар жаңа серпін алып, ауыл халқы үшін сапалы өмір сүру ортасы қалыптасуда. Бұл – ауылдың әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды мемлекеттік қадам.