Жамбыл жаңалықтар

Жамбыл облысында Еңбек ерлері мен Кеңес Одағының батырларына қашан көше атауы беріледі

Социалистік Еңбек Ері Сартай Есімханов, Пётр Гончаров пен Ұлы Отан соғысына қатысып, 18 жасында Кеңес Одағының Батыры атанған Жәнібек Елеуісовтің атында әлі көше жоқ

Бүгінгі күні тарихи тұлғалардың ұрпақтарының айтуынша, батырларға көше атауын беру туралы ұсынысқа жергілікті билік селқос қараған. Олардың өтініштері осы уақытқа дейін аяқ асты болып келеді. Тараздағы заң ғылымдарының кандидаты, доцент Құрманбек Сағынбеков jambylinfo.kz тілшісіне сұхбат бере отырып, көше атауларына қатысты бірқатар мәселелерді айтып берді.

Социалистік Еңбек Ері Пётр Гончаровтың қызы Наталья Гончарованың әкесінің атына көше беру, жалпы, Социалистік Еңбек Ері атағын алған тұлғаларға аллея соғылуы мәселесін көтеріп келе жатқанына биыл 7 жыл болған. «Жамбылдағы ірі кәсіпорындар мен Хим-ауданды соғу кезінде тер төккен Пётр Гончаровтың өңірге сіңірген еңбегі көп»,- дейді қызы Наталья Гончарова.  Биліктегілер арызын арқалаған қарияны арқадан қағып шығарып салғанымен, әлі күнге нақты шешім қабылдамаған. Кейуана еңбегі ерен ерлердің есімі ұмыт болмаса екен деп алаңдайды.

Ал, тараздық заң ғылымдарының кандидаты, доцент Құрманбек Сағынбеков Социалистік Еңбек Ері, Кеңес Одағының батыры атағын алған, бірақ елеусіз қалған тұлғалардың аты көшелерге берілмегеніне күйінеді. Туғаны болмаса да, туған жерге сіңірген еңбегі үшін бұл мәселеге бел шеше кіріскен. Тіпті жергілікті билікке өтініш жазған. Бірақ, жауап келмепті.

Мәселенің мән-жайын білу үшін облыстық тілдерді дамыту басқармасына бардық. Ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Медет Атеннің айтуынша, өткен жылы облыс бойынша 15 тұлғаның тізімі жасалып, республикалық ономастикалық коммиссияға ұсынылған. Оның ішінде біз атап өткен 3 тұлғаның есімі бар.