Жамбыл жаңалықтар
Жамбыл облысында халық саны 1 млн. 100 мыңнан асты
- авторjambylinfo.kz
- 22 шілде, 2021
- 260
Жамбыл облысында халық саны 1 млн. 100 мыңнан асты
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен бейнеконференц-байланыс режимінде өткен кезекті аппараттық кеңесте ұлттық халық санағын ұйымдастыру және өткізу мәселелері қаралды.
Статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиевтің айтуынша, халық санағының дайындық кезеңі 1-30 маусым аралығында өткен. Интервьюерлер мекенжайларды, сондай-ақ онда тұратын халықтың нақты санын анықтау үшін әрбір елді мекенді аралаған. Алдын ала мәлімет бойынша, облыс халқының саны 1 120 293 адамды құраған. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында тұрғындар санаққа қатысты барлық сұрақтарға sanaq.gov.kz мамандандырылған веб-сайты арқылы онлайн режимде жауап бере алады. Дәстүрлі жаппай аралау 1-30 қазан аралығына жоспарланған және онлайн-режимде санақтан өтпеген респонденттер арасында жүрмек. «Бірінші кезең барысында бірқатар өзекті мәселелер анықталды. Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов аудандарының кейбір елді мекендерінде ұялы байланыс сапасын жақсарту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет», - деді С. Мәдиев. Ол Тараз қаласы және аудан әкімдіктері облыстық полиция департаментімен бірлесіп, интервьюерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. «Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов аудандарында кейбір елді мекендердің атаулары әкімшілік-аумақтық объектілер жіктеуіші мен мекенжай тіркелімі бойынша сәйкес келмейді», - деп атап өтті С. Мәдиев. Аймақ басшысы аталған үш аудан әкімдеріне осы мәселені шешуді тапсырды. «Барлық елді мекендердің тізбесін өзектендіру қажет, оның ішінде қаланың саяжай алқаптарына, шалғай ауылдарға және шекара маңында орналасқан ауылдарға айрықша назар аударған жөн. Алдағы халық санағының әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Халық санағы барысында алынған деректер әрбір тұрғынды мемлекеттік қолдаумен қамтуға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейтуді және халық санағы туралы толық ақпаратты әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жүйелі түрде жариялап отыруды тапсырды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз