Жамбыл облысында интернет-алаяқтықтың 301 дерегі тіркелді
Жамбыл облысында интернет-алаяқтықтың 301 дерегі тіркелді
Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов тұрғындарға алаяқтардың құрбаны болмас үшін қауіпсіздік шараларын сақтауды еске салды. «Бүгінгі таңда таралу ауқымы криминогендік статистикаға айтарлықтай әсерін тигізіп жатқан IT-қылмыстарына қарсы күреске ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен бекітілген ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстарға, сондай-ақ ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстарға қарсы іс-қимыл бойынша 2021-2022 жылдарға арналған бағдарлама іске асырылуда», – деп атап өтті ол. Облыста 10 айда интернет-алаяқтықтың 301 дерегі тіркелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 72 пайызға жоғары. Полиция қызметкерлерімен 44 алаяқ ұсталды, оның 14-і басқа облыстардың тұрғындары. ТМД аумағында біздің азаматтарға қатысты интернет желісі арқылы 82 алаяқтық дерегі жасалған. Көбіне, мұндай фактілер банктік карталар мен шоттардан қаражат ұрлаумен, азаматтардың жеке деректерін алаяқтық жолмен пайдаланумен, тауарларды сату немесе қызметтерді көрсету туралы хабарландырулар берумен, сондай-ақ ақшаны пайдалы бизнеске салу туралы жарнамалармен байланысты орын алады. Жамбыл облысының Полиция департаменті қоғамдық орындарда, әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында профилактикалық бейнероликтерді көрсету арқылы алаяқтардың айла-амалдарынан қорғануға қатысты алдын алу жұмыстарын ұдайы жүргізуде. Биыл алаяқтық сипаттағы 50-ге жуық хабарландыру мен 115 интернет-ресурс көздері анықталып, бұғатталды. Сонымен қатар, қазіргі таңда екінші деңгейдегі банктердің өкілдерімен кибер алаяқтықтың алдын алу бойынша бірлескен жұмыстар атқарылуда. «Алаяқтардың барлық веб-ресурстарды қолдана алатынын және нақты компаниялардың сайттарынан ажырату қиындық туғызатын жалған парақшалар жүргізетінін естен шығармаңыздар. Сақ болыңыздар. Бейтаныс адамдарға маңызды жеке мәліметті (жеке деректеріңіз, құпия сөздеріңіз және PIN-кодтар, банк карталарының CVV-кодтары) бермеңіздер», – деп ескертеді Жанат Сүлейменов