Жамбыл облысында орман шаруашылығының техникалары 81 пайызға жаңартылмақ
Техникаларды жаңарту үшін биыл 280 миллион теңге бөлінген
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевтың сөзінше, биыл орман шаруашылығына жаңадан 3 трактор, 7 автокөлік пен қосымша агрегаттар алынады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Қазір облыста орман өртінің алдын алуды қамтамасыз ететін 97 трактор бар. Олжас Баққараевтың сөзінше, соңғы жылда аталған саланың материалдық-техникалық базасын жаңартуға бөлінетін қаржы артқан. Нәтижесінде 3 жыл ішінде 583 миллион теңгеге 21 трактор, 14 автокөлік және 183 агрегат сатып алынған.
Айта кету керек, Үкімет қабылдаған Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық жарақ-тандырылуын нығайту бойынша 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында 68 млрд теңгеден астам қаражатқа табиғатты қорғау ұйымдарына қажетті техникаларды алу көзделген.