Жамбыл облысында әрбір үшінші үй кәсіпкерлікпен айналысады
Жамбыл облысында әрбір үшінші үй кәсіпкерлікпен айналысады
Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Жамбыл облысындағы ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаның ауқымын кеңейту жайын баяндады. Өз сөзінің басында, Еңбекминінің басшысы, соңғы 10 жылда халықтың жан басына шаққандағы орташа номиналды табысы 39 мың теңгеден 115 мың теңгеге дейін, яғни 3 есе өскенін атап өтті. Дегенмен, 2020 жылдың қорытындысында, ауылдардағы үй шаруашылықтырының табысы 52,4 мың теңгені құрады. Бұл орташа ресупубликалық көрсеткіштен 15 пайызға (61,4 мың теңге), қалалардағы табыс деңгейінен 23 пайызға кем (67,6 мың теңге). Ауылдық жерлерде күнкөріс деңгейінен аз табыс алатындардың үлесі қалалармен салыстырғанда 2 есе көп. Біріншіден, бұл, ауылдарда жұмыс орындарының тапшылығына байланысты болып отыр. 1,2 млн адам немесе ауылда жұмыс істейтіндердің 30%-дан астамы өзін жұмыспен қамтыған халық санатына жатады (қалаларда өзін жұмыспен қамтығандардың үлесі 16%). Екіншіден, өткізу нарығы көлемінің салыстырмалы түрде төмен болуына байланысты ауылдарда қалалармен салыстырғанда кәсіпкерлікпен айналысу үшін мүмкіндік шектеулі, - деді Серік Шәпкенов. Министрдің айтуынша, Жамбыл облысында ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба аясында, өндірушілер мен сатып алушыларды байланыстыру және ауыл тұрғындарынан өнімді кепілді сатып алу қамтамасыз етілді. Бұл үшін "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына пилоттық жобаға ерекше шарттарды көздейтін өзгерістер енгізілді. Атап айтатын болсақ: микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрады; алғаш рет бағдарлама бойынша микрокредиттер сенім білдірілген агент арқылы берілді; қайтарылған қаражат есебінен қосымша микрокредиттер беру тетігі қарастырылды. Пилоттық жоба 10 ауданның 11 ауылдық округінде іске асырылды. Нәтижесінде 2,5 мың отбасы немесе 14 мың адам тұрақты табыспен қамтамасыз етілді; кәсіпкерлер саны 966-дан 3248-ге дейін өсті, яғни әрбір үшінші үй шаруашылығы кәсіпкерлікпен айналысады; жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны тиісінше 2 және 3 есе қысқарды, - деп жеткізді Серік Шәпкенов. Еңбекминінің басшысы, Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірлеуде, пилоттық жобаның мүмкіндіктері ескерілгенін айтты. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту мақсатында үй шаруашылықтарын сауалнама жүргізу арқылы зерттеу, алынған мәліметтер негізінде тауарлар мен қызметтерге нақты сұраныс пен ұсынысты анықтау, аудандардың шеберлік жоспарларын әзірлеу бойынша шаралар іске асырылатын болады. Сонымен бірге кешенді мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады: - өндірістің нақты кейстары, технологиялық карталар бойынша модульдік оқыту; - бизнес-жоcпар әзірлеуге көмектесу; - микрокредиттер және гранттар беру; - өнімдер мен қызметтерді сатуды ұйымдастыру (бұл үшін ірі сауда желілерімен, базарлармен, дүкендермен байланыс орнатуға көмек көрсетіледі). Келесі жылы кредиттеу және гранттық қолдауға бизнес-жобаларды іріктеу шеберлік жоспарларын ескере отырып жүргізіледі. Өтінімдерді беру және қарау үдерісін барынша автоматтандыру үшін еңбек биржасы базасында кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың "Бірыңғай терезесі" іске қосылады, - деді министр. Серік Шәпкенов баяндамасының соңында, Жамбыл облысында іске асырылған жоба нәтижесін ескере отырып, ауыл тұрғындарының табысын арттыруда қол жеткізілген мүмкіндіктерді іске асыруды ұлттық жобалар шеңберінде жалғастыруды ұсынды. Жобаны республика бойынша іске асыру табысы күнкөріс деңгейінен төмен ауыл тұрғындарының үлесін 12 пайызға, жұмыспен нәтижесіз қамтылғандар үлесін 9,7 пайызға дейін төмендетуге және нақты ақшалай кірістердің 27,1%-ға, жеке кәсіпкерлер санының 195 мың адамға өсуіне ықпал етеді, - деп тұжырымдады ол