Жамбыл облысында салынуы тиіс екі «Жайлы мектептің» жер мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген
Жұмысын дұрыс атқара алмаған мердігерлермен келісімшарт бұзылған
Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қарасу ауылында 300 орындық "Жайлы мектеп" құрылысына салғырттық танытқан мердігермен келісімшарт бұзылды. Бұл туралы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов мәлім етті, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Айта кетейік, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев мердігерлермен кездесу өткізіп, облыс бойынша « Жайлы мектеп» жобасының іске асу барысын талқылады. Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, облыста 2025 жылға дейін 9,5 мың орындық 12 «жайлы мектеп» соғу жоспарланған.
Айта кетейік, Samruk-Kazyna Construction компаниясы құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес салынуын бақылайды, мердігерлерді таңдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Сондықтан «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов тікелей байланыспен жиынға қосылып, бірқатар мердігерлердің жұмысы бойынша сын ескертпелер айтып, орындаушы тараптың сұрақтарын тыңдады. Оның айтуынша, биыл іске асатын «Жайлы мектеп» жобаларының құны 1,5 есеге өсуіне байланысты қайта қаралған. Сонымен қатар, 2 мектептің әлі күнге дейін жер мәселесі шешілмеген. Ал, Қордай ауданы, Қарасу ауылында биыл құрылысы бітуі керек болған мектепті салуда салғырттық танытқан мердігермен келісімшарт бұзылды.
Сонымен қатар, жиында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бейсембаев құрылысы жүргізіліп жатқан мектептерге тексеріс жасау үшін хабарлама түспегенін айтып, облыс әкіміне өз ұсынысын жеткізді.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетовтың айтуынша, кейбір мердігерлер құрылысты уағында аяқтауға құлықсыз. Сондықтан бұл жұмыстар бүгінгі күні қатаң бақылауға алынған. Айта кетейік, биыл Жамбыл облысында 6 «жайлы мектеп» салынады.
Мағжан Орынбасар