Жамбыл облысында үш форель шаруашылығы іске қосылды
Жамбыл облысында үш форель шаруашылығы іске қосылды
Жамбыл облысында форель балығын өсіретін үш шаруашылық іске қосылған. Жақын арада осы секілді тағы бес кәсіпорын ашылады деп жоспарлануда. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барып, Жасөркен ауылындағы «АрНұр» ЖК жаңа форель шаруашылығымен танысты. Кәсіпкер Руслан Сауранбаев 2019 жылдан бастап балық өсірумен айналысуда. Мұнда жылына 90 тонна тұқы тұқымдас балық өндіріледі, келесі жылы олардың қатарына 60 тонна форель қосу жоспарланып отыр. Осы мақсатта көп ұзамай Алматыдан 125 мың форель шабағы жеткізілмек. «Біз қосымша жер алып, онда төрт бассейн салдық, оның біріне 70 мың шабақ жіберілді. Олар жүйелі және сапалы өсу үшін көп ұзамай әртүрлі су қоймаларына таратылады. Мен форельді өсіру технологиясын өз бетіммен зерттеп шықтым. Болашақта температураны, судағы оттегі деңгейін бақылай алатын маман дайындауды жоспарлап отырмын», - деді ол. Бүгінгі күні шабақтардың салмағы шамамен 40 граммды құрайды, ал бес айдың ішінде олар 150-ге дейін өсуі керек. Кәсіпкер келесі жылы тағы бір бассейн салуды көздеп отыр. Ал болашақта ыстайтын орын мен мұздатқыш камералар орнатпақ. «Балық шаруашылғы саласына мемлекеттен жақсы субсидиялар қарастырылуда. Жұмыс нәтижелері бойынша шаруалар есеп береді, оған сәйкес мемлекет азық-түлік шығындарының 30-50 пайызын төлейді. Өндіріс көлемін ескерсек, бұл айтарлықтай соманы құрайды. Жақын арада Жамбыл облысында осы саланы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған сегіз форель шаруашылығы іске қосылады», - деді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков. Сондай-ақ, шаруашылық аумағында семинар өтіп, оған қатысушылар саланың болашағы мен балық өсіруді дамытудың алдағы жоспарларын талқылады. «ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында біздің аймақтың әлеуетінің жоғары екенін атап өткен болатын. Су қоймаларының көптігі бұған дейін қалтарыста қалып келген балық өндірісін белсенді дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Құлан агротехникалық колледжінде 15 адам осы мамандық бойынша үш айлық курстан өтіп жатыр. Дегенмен, егер біз үлкен жетістікке жетеміз десек, онда бүкіл облыс үшін кадрларды даярлауда бір ғана білім беру мекемесімен шектеліп қалмау керек», - деді аймақ басшысы. Аслан Оразбеков Жамбыл облысында форель өсіретін үш ферма іске қосылғанын баса айтты. Оның екеуі - Қордай ауданында, біреуі - Жамбыл ауданында. Жақын арада осы секілді тағы бес кәсіпорын ашылады деп күтілуде екен. «Бұл шаруашылық үшін 20 өзен ұсынылды. Оның алтауы Т.Рысқұлов ауданында, төртеуі Қордайда және Меркі мен Жуалы аудандарында бес өзенен. Ондағы судың температурасы мен құрамы форель өсіруге өте қолайлы. Тараз гуманитарлық-инновациялық университетімен «Балық шаруашылығы» мамандығын оқытуды қолжетімді бағдарламалар қатарына қосу туралы келіссөздер жүргізілуде», - деді ол. Бердібек Сапарбаев балық аулау саласын субсидиялау мен ынталандыру жөніндегі әзірленіп жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы айтты. Балық шаруашылығын ашу немесе кеңейтуге 20 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелер беріледі. Егер қазір облыс жылына шамамен мың тонна форель өндіруге қауқарлы болса, 2025 жылға дейін өндірісті үш есеге, ал 2030 жылға қарай жылына бес мың тонна форель өндіру жоспарлануда. «Сіздерге бұл орайда балық шаруашылығы және демалыс ұйымдастыру секілді екі тиімділікті қатар дамытуға мүмкіндік бар. Мысалы, мұнда демалуға арналған 11 күрке орнатылған. Адамдар әрі демалып, әрі балық аулайды. Өздері аулаған балық үшін ақы төлейді», - деп қосты Б.Сапарбаев. Семинар барысы Құлан колледжінің бес түлегіне сертификаттар табыстаумен түйінделді. inform.kz