Жамбыл облысында үшінші «Жайлы мектеп» ашылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 қараша, 2024
- 108
Бүгін Тараз қаласында екінші «Жайлы мектеп» ел игілігіне берілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Заманауи үлгідегі «Жайлы мектеп» 1200 орынға шақталған. Мұнда оқушылар үшін жаңа модификациядағы кабинеттер, спорт залдары, STEM-зертхана, кең асхана, кітапхана, спорт алаңы және басқа да мүмкіндіктер қарастырылған.
«Жайлы мектептің» ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, құттықтау сөзін айтты. Аймақ басшысы мектепке интеракті панель сыйлап, алдағы уақытта облыста жалпы 12 «Жайлы мектеп» салу жоспарланғанын жеткізді.
- Баршаңызды бүгінгі қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын. Бұған дейін дәл осындай мектеп Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында және Тараз қаласындағы «Бәйтерек» шағынауданында ашылған еді. Жалпы жоба аясында облыста 12 мектеп салу жоспарланған. Мектеп ең озық технологиялармен жарақтандырылған. Оқушылардың қауіпсіз білім алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Мақсатымыз – қала мен ауылдағы оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты жою. Балаларымызды кең және заманауи талапқа сай жабдықталған үлкен мектепте білім алуын қамтамасыз ету,- деді облыс әкімі.
Мектепке тапсырыс беруші - «Самұрық-Қазына» қоры. Қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың сөзінше, жобаны іске асыруға 1 млрд 58 млн 255 мың теңге қарастырылған.
- Жайлы мектеп 10 блоктан тұрады. Оның 2 блогында бастауыш сыныптар білім алады. Ол үшін 16 оқу кабинеті берілген. Бастауыш сыныпқа бөлек спорт зал мен асхана қарастырылған. Осы секілді мектептің 10 блогында да коворкинг ашылды. Онда оқушыларымыз шығармашылығымен айналыса алады,- деді Раушан Қожамжарова.
Айта кетейік, биыл облыста құрылысы басталған 36 білім нысанының 10-ы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 мектеп құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Ал, 2025 жылы қосымша 26 білім нысанының құрылысы басталмақ.