Жамбыл жаңалықтар

Жамбыл облысында тұрғындардың ауыз сумен қамтылу деңгейі 94,9 пайызға жетті

Өткен жылы сумен жабдықтау саласында жалпы 13,6 млрд теңгеге 54 жобаны іске асыру жұмыстары басталған

Облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Мәулен Қожықовтың айтуынша, өткен жылы басталған 54 жобаның ішінде  34 нысаны пайдалануға берілген. Ал, 20 нысанның құрылысы уақытында бітпей,  биылға қалып отыр, деп жазады  jambylinfo.kz

Облыстың бас медиа алаңында есеп берген Мәулен Қожықов облыстағы ауыз сумен қамту бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Оның сөзінше, қаржыландыру жоспарына сәйкес 54 нысанның 5-уі ғана келесі жылға өтпелі болып көзделген. Бірақ, 15 нысан жыл соңына дейін аяқталмады.

Энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасы өкілі берген мәліметке сүйенсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші  қалаларда 97,5%, ал, ауылдағы 313 елді мекенде 94,9% құраған. Осылайша облыста бүгінгі күні сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 54 ауылдық елді мекен және Тараз, Шу қалалары бойынша 10 тұрғын алқап қалып отыр. Мәулен Қожықов басқарманың ауыз сумен қамту бойынша биылғы атқарылатын жұмыстарды да айтты.