Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда
8 сәуір күні өңір тұрғындарының қатысуымен бірнеше тазалық шаралары ұйымдастырылды.
Осы күні Тараз қаласындағы Б. Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында «Жасыл ел» еңбек жасақтары маусымының ашылу салтанаты өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жастар осы шара аясында саябақты қоқыстардан тазартты.
Ақпан айында басталған көктемгі абаттандыру жұмыстары аясында «Таза қала», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Жасыл қала», «Болашақты бірге отырғызамыз», «Жер сағаты» және басқа да экологиялық акциялар ұйымдастырылуда.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Тараз қаласы Жібек Жолы ауданы №13 шағын ауданында, «Қарахан» кесенесінің аумағында, Сарысу ауданы Жаңатас қаласының орталық саябағында және Мойынқұм ауданында өткізілді.
Жамбыл облысында аталған акциялардың аясында 818 шақырым каналдар мен арық жүйелері, 125 мың тұрғын үй ауласы мен 4,5 мың шақырым көше тазартылып, 12 мың тонна қоқыс шығарылды. Биыл егілетін 195 мың ағаштың бүгінге 70 мыңға жуығы отырғызылып, 2,4 мың ағаш санитарлық бұталанды. Сонымен қатар, 60 тарихи-мәдени ескерткіш және 143 саябақ пен сквер аумақтары тұрақты түрде қоқыстан тазалануда. Бұл жұмыстарға 910 бірлік техника жұмылдырылған.