Жамбыл жаңалықтар
Жамбыл облысында террорлық шабуылдан қаза тапқандарға ескерткіш орнатылды
- авторjambylinfo.kz
- 14 шілде, 2021
- 162
Жамбыл облысында террорлық шабуылдан қаза тапқандарға ескерткіш орнатылды
Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Тараз қаласында бейбіт тұрғындарды құтқару кезінде өз өмірін құрбан еткен ҰҚКД қызметкерлері Мұхтар Халиев пен Сергей Касьяненконың құрметіне ескерткіш-монумент орнатылды.
Еске сала кетсек, 2011 жылы Тараздағы террорлық шабуыл кезінде қаза тапқандардың арасында ҰҚКД қызметкерлері Мұхтар Халиев пен Сергей Касьяненко бар болатын.
Олар діни экстремистермен байланысы бар деген күдікке ілінген қылмыскерге сыртқы бақылау жүргізді. Террорист ізіне түскен жедел-іздестіру басқармасы қызметкерлеріне шабуыл жасады.
Батырлардың есімі енді ҰҚКД ғимаратының жанындағы алаңда орналасқан ескерткіш-монументте мәңгі сақталмақ.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, ҰҚКД бастығы Марат Ирменов, полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов және қаза тапқан қызметкерлердің жақын туыстары қатысты.
Аймақ басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылған күні ашылып отырған батырларға арналған ескерткіш-монументтің айрықша маңыздылығын атап өтті.
«Туған жердегі бейбітшілікті, тұрақтылықты сақтау үшін өз өмірін қиған ҰҚКД қызметкерлері – елі мен халқына шынайы берілген, шексіз адалдықтың үлгісі болып қала бермек. Өскелең жас ұрпақ осындай азаматтардан үлгі алуы тиіс Осы скверді абаттандырғаны үшін ҰҚКД басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымды білдіремін», деді Бердібек Сапарбаев.
Шара барысында қаза тапқан қызметкер Мұхтар Халиевтің әкесі Ермекбай Халиев те сөз сөйледі.
«Аспанымыз әрқашан ашық, еліміз бейбітшілікте өмір сүрсін!», деп тілек білдірді Ермекбай Халиев.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз