Жамбыл облысында «World Clean Up Day» экологиялық акциясы өтті
- авторБақытжан Бекболат
- 20 қыркүйек, 2025
- 468
Қазақстан жыл сайын бүкіләлемдік «World Clean Up Day» экологиялық бастамасына белсенді қатысады. Биылғы акция 20 қыркүйекке жоспарланып, Жамбыл облысының аумағында сенбіліктер ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жамбыл облысы бойынша экология департаменті Тараз қаласындағы Мамыр саябағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Акцияға облыстық басқармалар, аумақтық инспекциялар, кәсіпорындар, экоактивистер, қоғамдық ұйымдар, студенттер, еріктілер және жергілікті тұрғындар қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты.
Сонымен қатар Департамент «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ АҚ-ның ғарыштық мониторингтік деректері бойынша облыс аумағында 198 бейберекет қоқыс үйіндісін анықтады. Оның ішінде: Тараз қаласында – 28, Шу ауданында – 48, Жамбыл ауданында – 39, Жуалыда – 3, Мойынқұмда – 3, Таласта – 36, Қордай ауданында – 41 нүкте тіркелді.
Аталған заңбұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабының 3-тармағына сәйкес 21 ауылдық округке әкімшілік іс қозғалды. Әр округ аппаратына 196 600 теңгеден айыппұл салынып, жалпы сомасы 3,96 млн теңге өндірілді.
Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар қоқыс үйінділерін жою бойынша арнайы график әзірлеп, тазарту жұмыстарын жалғастыруда.






