сейсенбі, 7 сәуір, 2026 19:03

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысындағы 150 ауылдық округте "Құқық кабинеті" ашылды

Жамбыл облысындағы 150 ауылдық округте "Құқық кабинеті" ашылды
Фото - ашық дереккөз
Елімізде азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заң көмегіне қолжетімділігін кеңейту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – құқықтық кабинеттерді құру.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 15 қазандағы №674 Жарлығына сәйкес бекітілген құқықтық саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған құқықтық түсіндіру жұмысы жөніндегі іс-шаралар жоспарының 30-тармағына сәйкес, ел көлемінде құқықтық кабинеттер ашу көзделген. Нәтижесінде, облысымыздағы 10 ауданда орналасқан 150 ауылдық округте осындай кабинеттер жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Құқықтық кабинет – бұл азаматтарға заңдық көмек көрсетуге, түрлі құжаттарды рәсімдеуге және құқықтық мәселелер бойынша кеңес алуға мүмкіндік беретін арнайы алаң. Оның басты мақсаты – халықтың құқықтық мәдениетін арттыру және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Аталған кабинеттер бірнеше негізгі бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Біріншіден, азаматтық, еңбек, отбасылық және әкімшілік құқық салаларында білікті заңгерлер тарапынан тегін кеңес беріледі. Бұл тұрғындардың күнделікті өмірде кездесетін құқықтық мәселелерін шешуге айтарлықтай көмектеседі.

Екіншіден, құжаттарды рәсімдеуге қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, өтініштер, шағымдар, талап арыздар мен келісімшарттарды дайындау барысында кәсіби көмек ұсынылады. Бұл әсіресе заң тілін түсінуде қиындық көретін азаматтар үшін өте маңызды.

Үшіншіден, электронды қызметтерді пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Құқықтық кабинет мамандары азаматтарға «Е-өтініш», «Сот кабинеті» сияқты платформаларды қолдануды үйретіп, тиісті қызметтерді алуға жәрдемдеседі. Бұл цифрлық сауаттылықты арттыруға да оң ықпал етеді.

Сонымен қатар, жаңа заңнамалық актілер мен құқықтық нормаларды түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл тұрғындардың заңдағы өзгерістерден хабардар болуына және өз құқықтарын тиімді қорғауына мүмкіндік береді.

Кабинеттер, әдетте, ауылдық округ әкімдіктерінің ғимараттарында немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарында орналасады. Олар ауыл тұрғындарына жақын жерде қызмет көрсетіп, құқықтық көмекті қолжетімді етуде маңызды рөл атқарады.

Құқықтық кабинеттер – азаматтардың заңды құқықтарын қорғауға, құқықтық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік қызметтерді тиімді пайдалануға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Бұл бастама елдегі құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға өз үлесін қосады.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар