Жамбыл жаңалықтар

Жамбыл облысындағы «Райс» каналында анықталған кемшіліктер қайта қалпына келтірілді

Аталған арнаны реконструкциялауға 1,8 млрд теңге бөлінген

Жамбылдағы «Райс» каналында анықталған кемшіліктер қайта қалпына келтірілді. Бұл туралы Жамбыл облысы бойынша өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы  Е.Мақажанов мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Жамбыл ауданының 3090 гектар егістік жерін сумен қамтамасыз ететін ұзындығы 32 шақырымды құрайтын «Райс» каналын реконструкциялауға 1,8 млрд тг бөлінген.

Алайда, жобадағы сәйкессіздіктер салдарынан каналдың 2,8 км құрайтын аумағында ені 3,5 метрді құрауы тиіс болған жері 2 метрге дейін кішірейген. Бұл судың сыртқа төгілуіне және кейіннен канал қабырғаларының бұзылуына әкелген.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерді сумен қамтамасыз ету саласына жүргізілген мониторинг нәтижесінде, аталған кемшілік салдарынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің суды толыққанды алуына кері әсерін тигізгені анықталды.

Департаменттің ұсынысына сәйкес «Райс» каналындағы қайта қалпына келтіру жұмыстарына мердігер мекеме тарапынан 180 млн теңгеге қосымша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде 62 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері суармалы сумен қамтамасыз етілді.