Жамбыл облысындағы су қоймалары 69 пайызға толды
Жамбыл облысындағы су қоймалары 69 пайызға толды
Жамбыл облысындағы су қоймаларының толу көлемі қазіргі таңда орта есеппен 69 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу көзделуде. Осы және көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жан-жақты айтылды.
Аймақ басшысы каналдарды жөндеу бойынша жобалауда кеткен қателіктерді сынға алып, ол тиісті бақылаудың жоқтығынан орын алғанын ескертті. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұратхан Шүкеев қазіргі уақытта су қоймаларында су толтыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
2021-2022 жылдарға арналған жоспарға сәйкес 10 су қоймасы қалпына келтіріледі деп жоспарланса, бүгінгі күнге оның 6-уында жұмыстар аяқталған. Аталған су қоймалар мен бөгеттерді іске қайта қосу жұмыстары ағымдағы жылдың аяғына дейін аяқталады деп күтілуде. Жалпы, бұл су қоймалары қалпына келтірілген жағдайда болжаммен 9,65 млн.текше метр су жиналып, 2 411 га суармалы жер алқабын айналымға қосу мүмкіншілігі болады. «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қазыбек Бедебаев филиал теңгеріміндегі каналдар қоқыстардан, лай мен өсімдіктерден тазаланып, гидроқұрылымдарда ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде екендігін айтты. Бүгінгі күнге 572 шақырымдық каналдар тазаланып, гидроқұрылымдар жөнделуде. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов көктемгі дала жұмыстарының барысына тоқталды. Ол ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 760 мың гектарға егіліп, өткен жылмен салыстырғанда егістік алқабы 9,2 мың гектарға ұлғайғанын жеткізді.
Облыс әкімі жер асты суларын тиімді пайдалануға да айрықша назар аудартты. Ол үшін ұңғымалар санын арттыру, ескі ұңғымаларды қалпына келтіру немесе жаңасын қазу жұмыстарының маңыздылығын айтты.
Жиын қорытындысымен аймақ басшысы жауаптыларға суды аз қажет ететін өнімдерді отырғызу, су үнемдеу технологияларын пайдалану және суармалы жерлерде агротехникалық және мелиорациялық жұмыстарды жүргізу, ауыспалы егістік технологиясын қатаң түрде сақтау және де майдаланып кеткен, ауылшаруашылығы тауар өндірушілерді, үлкен кооперативтерге немесе агрохолдингтерге біріктіру, сапалы тұқым мен тыңайтқыштарды барынша пайдалану бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.