Жамбыл облысында әйел әкім басқаратын ауылда бес жылдан бері мүлде қылмыс тіркелмеген
Бұл елді мекенде тіпті пробациялық есеп бос тұр
Мойынқұм ауданы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Ақсана Қалыбаеваның айтуынша, ауылда соңғы 5 жылда мүлде қылмыс тіркелмеген. Сонымен қатар, жастар ауылдағы қаңырап тұрған ғимаратты спорт нысанына айналдыруға күш салып жатыр, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Брифингте былтыр атқарылған шаруаларды жіпке тізген ауыл әкімі баяндама соңында таң қаларлық мәлімет айтты. Ақсана Қалыбаеваның сөзінше, 1 300-ден аса тұрғыны Жамбыл ауылдық округінде былтыр бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Биылғы көрсеткіш те сондай. Шенеуніктің сөзінше, тәртіп сақшыларының ауыл жастарымен жиі өткізетін түсіндіру жұмысының жемісі.
Керісінше, ауыл жігіттері иманды жолға бет бұрып, өткен жылы өздері қаржы жинап, мешіт жанынан «қатымхана» соққан. Ауыл әкімінің сөзінше, бұған дейін мұндай діни рәсім орындайтын өзге орын болмаған. Бұдан бөлек, жастар ауылдағы қаңырап тұрған ғимаратты спорт нысанына айналдыруға күш салып жатыр.
Айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанымен, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды.