Жамбыл облысында қылмыс деңгейі 13,5 пайызға төмендеген
Тонау деректері мен алаяқтық фактілері де азайған
Жамбыл облысында қылмыс деңгейі 13,5%-ға төмендеген. Бұл туралы аймақтың бас полициясы мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жамбыл облысының Полиция департаменті ағымдағы жылдың 6 айы бойынша атқарылған жұмысты қорытындылады.
Жедел кеңесте ПД бастығы Арманбек Баймурзин жеке құрамға ҚР Ішкі істер министрінің негізгі талаптары мен тапсырмаларын жеткізді.
Бірінші жартыжылдықтағы қызмет нәтижелерін талдай отырып, ПД бастығы қабылданған алдын алу шаралары қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстар (-9,7%), ауыр қылмыстар (-12,1%), ауырлығы орташа қылмыстар(-29,8%), кісі өлтіру (-35%), денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (-31,3%), жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстардың (-24,1%) саны қысқарды. Тонау деректері 31%-ға, бұзақылық 37,9%-ға азайды.
Алаяқтықтың барлық түрлерін тіркеу 10,8%-ға төмендеді. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ұрлықтың 28,1%-ға, олардың ауыр түрлерінің 15,4%-ға төмендеуіне қол жеткізілді.
Қылмыстар азайғанымен, жолдардағы апаттылық жағдайы күн тәртібінен алынбайды. Жол-көлік апаттарын азайту және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 17 бірлік "Автоураган-МС" және 10 "Рарк Райт-С" мобильдік аппараттық кешендерін сатып алу жоспарлануда. Жаңа техникалар күрделі жағдай байқалатын аудандарға беріледі.
Арманбек Баймурзин жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету әркімнің жеке жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті. Жаяу жүргіншілер бұзушылығының және жүргізушілердің маневр жасау ережелерін бұзу жағдайларының саны 80%-ға өскенін айтты. Бұл статистика тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамайтындығын дәлелдейді.
Көлікті мас күйінде басқару деректері де алаңдаушылық туғызады (6 айда-355 дерек.) Жағдайды үнемі бақылауда ұстау үшін патрульдік полиция жасақтарын қайта орналастыру және құқық бұзушыларды уақытша бейімдеу орталығына жеткізу жұмыстары күшейтілуде.
Қылмысқа қарсы күрес мақсатында күн сайын ауылдық округ әкімдерімен, ақсақалдармен және жұртшылықпен бірлесіп "ішімдіксіз ауыл" жобасы бойынша жұмыс жүргізу тапсырылған. Нәтижесінде облыстың 6 ауданында және 16 ауылдық округтердегі дүкендер алкоголь өнімдерін сатудан бас тартты.
Жиі кездесетін қылмыстың бірі — анықталған алаяқтық деректерінің жартысынан көбі интернет қылмыстарына жатады. ПД бастығы осы бағыттың маңыздылығын атап өтіп, жүйелі негізде аулаларды аралауды, тұрғындарға, әсіресе егде кісілерге алаяқтардан қорғау бойынша кеңестерді жеке түсіндіруді тапсырды.
Арманбек Баймурзин тергеушілердің жұмысын ұйымдастыруды қайта қарау керек деп санайды. Жүргізілген талдау қылмыстық істерді қосымша тергеуге қайтарудың негізгі себебі тергеушілер мен анықтаушылардың істердің толықтығын қамтамасыз ету бойынша талаптарды бұзуы болып табылатынын көрсетті.
Сондай-ақ, жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 2124 әкімшілік хаттама жасалды. Бұл бағытқа ПД бастығының тапсырмасы бойынша ерекше назар аударылуда.
Сонымен қатар, жиын барысында ҚР Ішкі істер министрінің Кадр сапасын жақсарту жылына байланысты тапсырмасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар да жеке талқылауға түсті. Тәртіп пен заңдылықты сақтау туралы айта келе, А.Баймурзин жас қызметкерлермен жеке құрам арасында қолайлы атмосфераны сақтау үшін жеке жұмыс істейтінін жеткізді. Бөлім бастықтары енді қызметкерлердің отбасыларына баратын болады.
Жан-жақты талқылай келе, кеңес қорытындысы бойынша кадр саясатын жетілдіру, қылмыстардың ашылу деңгейін, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын арттыру, алаяқтық пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, есепке алынатын тұлғалармен жұмысты күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.