Жамбыл облысында үздік әскери қызметшілер марапатталды
Салтанатты шарада барлығы 16 адам марапатқа ие болды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Отан қорғаушылар күні қарсаңында бір топ әскери қызметкерлерді марапаттады, деп хабарлады jambylinfo.kz.
Аймақ басшысы биыл 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні Рақымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған іс-шаралармен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, облыс әкімі Президенттің тапсырмасымен биыл әскери және күштік құрылымдарының қызметкерлерін батырларымыз Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаевтың есімдері берілген "Айбын" орденінің III дәрежесімен марапатталғанын атап өтті.
Салтанатты шарада облыс әкімінің қолынан «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен «Оңтүстік» Өңірлік әскерлері қолбасшылығы № 28903 әскери бөлімінің командирі, полковник Сымбат Тұяқаев, Жамбыл облысы Полиция департаментінің оқу жаттығу взводының командирі Ғалым Тайшапов, Меркі аудандық полиция бөлімінің бастығы Сәбит Мамытбеков, Жамбыл облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жұмылдыруды жоспарлау бөлімі бастығының орынбасары Жарас Жүзбаев және Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті № 26 мекемесінің бақылау қызмет бөлімінің аға бақылаушысы Медеу Есмұрадов марапатталды.