Жамбыл облысында Жаңа Конституцияны қолдау жөніндегі өңірлік коалиция құрылды
Жамбыл облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы құрылды. Құрамына өңірдегі бес жетекші саяси партияның төрағалары мен өкілдері, Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстанның Азаматтық Альянсы, Жастар Ассамблеясы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы, заңгерлер қауымы мен Ардагерлер ұйымы өкілдері енді. Облыстық коалиция 53 мүшеден тұрады.
Бүгін өңірде коалицияның алғашқы отырысы өтіп, оның жұмыс жоспары таныстырылды. Өңірлік коалиция жетекшісі Дауыл Бейсенқұлов алдағы кезеңге арналған негізгі бағыттарды атап өтті. Оның айтуынша, Жаңа Конституция жобасы Күшті әрі Әділетті Қазақстан құрудың негізін қалыптастырып, саяси жүйені қоғам сұранысына сай жаңғыртуға бағытталған. Құжат биліктің барлық тармағының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді.
Ал, өз кезегінде коалиция мүшелері Жаңа Конституция жобасы саяси жүйені одан әрі жаңғыртуға, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге, кәсіпкерлікті қолдауға, ғылым мен мәдениетті дамытуға және ұлттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған стратегиялық басымдықтарға сәйкес келетінін атап өтті. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік институттардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттырып, азаматтардың әл-ауқатын көтеруге ықпал етеді деп күтілуде.
Сонымен қатар Негізгі заң жобасының қоғаммен ашық диалог аясында әзірленгені айтылды. Конституциялық комиссияның жұмысы жария түрде ұйымдастырылып, тікелей эфир арқылы көрсетілді және кері байланыс тетіктері қамтамасыз етілді. Құжатты талқылау барысында азаматтардан, сарапшылардан және түрлі сала өкілдерінен 10 мыңға жуық ұсыныс пен өтініш келіп түскен. Олардың барлығы қаралып, әзірлеу процесінде ескерілген. Жиында сөз алғандар Жаңа Конституцияны қабылдаудың тарихи маңызын атап өтіп, қоғамның түрлі топтарын біріктіру қажеттігін жеткізді.
Алдағы уақытта коалиция мүшелері өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бастайды. Референдум қарсаңында еңбек ұжымдарымен, сарапшылар қауымымен және тұрғындармен кездесулер өткізу жоспарланған. Түсіндіру жұмыстары шалғай елді мекендерді де қамтиды. Ұйымдастырушылар әрбір азаматтың пікірін ескерудің маңыздылығын атап өтті.