Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздері қарқынды дамуда
- авторСадуақас Айсұлу
- 3 желтоқсан, 2025
- 129
Осы себепті облыста бұл бағытта инвесторлардың ерекше назарын аударып отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Аймақта жаңартылатын энергия көздері нысандары 2010 жылдан бері жүйелі түрде дамып келеді. 2010 жылы қуаты 2 МВт болатын екі нысан пайдалануға берілсе, 2015 жылы қуаты 114 МВт құрайтын 9 нысан берілді.
Ал 2021 жылы қуаты 387,8 МВт болатын 17 нысан іске қосылып, 2024 жылы қарай жаңартылатын энергия көздері нысандарының саны 22-ге жетіп, олардың жалпы қуаты 571,3 МВт құравйды.
Қазіргі таңда өңірде 22 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Тоқтала өтер болсақ, 6 су электр станциясы, 10 жел электр станциясы және 6 күн электр станциясы бар. Ал жалпы еліміз бойынша қуаты 3 248,1 МВт болатын 158 жаңартылатын энергия көздері жұмыс істейді. Осылайша облысымыз жаңартылатын энергияны пайдалану жағынан елдегі алдыңғы өңірлердің қатарында. 2024 жылдың 9 айында облыста 602,1 млн кВт/сағ электр энергиясы өндірілген.
Жаңартылатын энергия көздері нысандары аймағымызда жоғары қарқынмен дамып келеді. Соңғы төрт жылда бірнеше ірі және кіші қуаттағы жобалар іске асырылған. 2021 жылы құны 49 миллиард теңге болатын қуаты 100 МВт «Жаңатас» жел электр станциясы пайдалануға берілсе, сондай-ақ қуаты 9,2 МВт «Тасөткел» су электр станциясының екінші кезегі іске қосылды. 2022 жылы Жамбыл ауданында қуаты 50 МВт «AEC ASA» күн электр станциясы, Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 МВт болатын «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» станциялары пайдалануға берілді. 2024 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 МВт «Шоқпар ЖЭС» жел электр станциясының құрылысы аяқталды.
Өңірдің жаңартылатын энергия көздері нысандарын салуға қолайлы аумаққа айналуына байланысты алдағы жылдары екі ірі халықаралық жобаны іске асыру жоспарлануда. Тоқтала өтсек, 2028 жылы Мойынқұм ауданында Францияның «Total Eren» компаниясы қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салуды көздеп отыр. Сондай-ақ Сарысу және Талас аудандарында Masdar компаниясы қуаты 1 ГВт жел электр станциясын 2029 жылға дейін іске асыруды жоспарлауда.
Өңірдің күн, жел және су энергиясын өндіру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленді. Жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің қуаты 2,5 гигаваттқа жетіп, нысандар саны 24-ке дейін көбейеді. Аталған жобаларды толық іске асыру экологияға зиян келтірмей, өңірді сапалы электрмен тұрақты қамтамасыз етуге және облысымыздың «жасыл» энергиямен қамтамасыз ететін жетекші аймаққа айналдыруға мүмкіндік береді.
Ұқсас жаңалықтар
Президент Жолдауы: Облыс әкімдігінде жиын өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 4 желтоқсан, 2025






