Жамбыл облысында жылыту маусымы штаттық режимде өтуде
Жамбыл облысында жылыту маусымы штаттық режимде өтуде
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жылыту маусымының барысы қаралды. Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, өңірде жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Бүгінгі таңда 3 285 әлеуметтік маңызы бар нысан (782 білім беру нысаны, 387 Денсаулық сақтау нысаны, 494 мәдениет саласы нысаны, 1622 көппәтерлі тұрғын үй) жылумен қамтасыз етілуде. Облыстың моно және шағын қалаларындағы қазандықтар мен үйлердің жай-күйіне тоқталған баяндамашы көмір мен мазуттың алдын ала сатып алу жұмыстары жүзеге асып жатқанын жеткізді. Облыс тұрғындарының қажеттілігі үшін 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымында 188 мың тонна көмір тұтыну көлемі жоспарланып, қамтылу деңгейі 100 пайызды құрады. Өңірде барлығы 25 көмір базасы бар. Көмірді жоғары бағамен сатуға жол бермеу мақсатында әкімдіктер мен көмір базаларының өкілдері арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалуда. Қатты отын тапшылығы байқалмайды.
Ол 156 әлеуметтік нысанның қазандықтарын табиғи газға кезең-кезеңімен көшіру бойынша жоспар бекітілгенін айтты. Кеңес барысында Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың да баяндамасы тыңдалды. Аймақ басшысы әлеуметтік нысандардың 100 пайызға көмірмен қамтылуын, жылу беретін кәсіпорындардың қызметін, жылу беру маусымы ойдағыдай өтуі үшін қатты отынның сапасы мен құнына қатысты мәселелерді қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.