Жамбыл облысының әкімі еңбек ардагерін қарттар күнімен құттықтады
Күлән Байділдаева 10 бала тәрбиелеп, бүгінгі күні 40-тан аса немере-шөбере сүйіп отыр
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев еңбек ардагері, көпбалалы ана Күлән Байділдаеваның шаңырағына барып, құрмет көрсетті.
Күлән Байділдаева 10 бала тәрбиелеп, бүгінгі күні 40-тан аса немере-шөбере сүйіп отыр. Облыс әкімі алтын құрсақты анаға ізгі тілегін арнады.
Бұдан соң, аймақ басшысы қарияның арқасына шапан жауып, лайықты сый-құрмет көрсетті.
Күлән Байділдаева еңбек ардагері, «Алтын алқа» медалі иегері. 84 жастағы қария Жамбыл облысы Байзақ ауданы Көктерек ауылында дүниеге келген.
1960 жылы педагогикалық институтты бітіріп, Тараз қаласындағы №37 Ы.Сүлейменов атындағы мектепте ұстаздықтан бастап 50 жыл бойы еңбек еткен.
Жолдасы Жұмабек Сапаралиев облыстың құрметті ардагері, қоғам қайраткері, 1994-2002 жылдары аралығында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет атқарған.