Ақын Үміт Битенованың 60 жас мерейтойына орай әдеби кеш өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 31 қазан, 2024
- 1.6k
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Үміт Битенованың 60 жас мерейтойына орай «Жүрек үні: Өлеңмен өрілген үміт» тақырыбында әдеби жиын өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ш. Уәлиханов атындағы облыстық кітапхана бүгін «Ел болып оқимыз» жобасы аясында белгілі ақын, әнші-сазгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенованың 60 жас мерейтойына орай «Жүрек үні: Өлеңмен өрілген үміт» тақырыбында әдеби шеберхана ұйымдастырды.
Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеп, ой-санасына оралған өлең-жырды олжа етіп, ақ қағаз бетіне түсіріп, өмірдің таңғажайыптарын әрлеп жүрген дара болмысты шығармашылық иесі Үміт Битенова жайлы жергілікті зиялы қауым өкілдері, жазушыны білетін замандастары, жақындары Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Шәріп Даулетбаев, балалар жазушысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «AQ JOL» газетінің аға тілшісі Марат Құлибайұлы, Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Жайдарбекқызы Бұзаубақова, Жамбыл облыстық мәслихат депутаттары, «Қазақстан Халық Партиясы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Жанат Бастаубаева, Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова, облыстық «AR-AI» газетінің тілшісі Құралай Сейсенбекқызы, жас ақын, журналист Арайлы Жақсылық және ақынның жолдасы «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, айтыскер-ақын Ербол Қамбатыров келіп, қызықты әңгімелер, жылы лебіздерімен бөлісті.
Айтбала Жолмаханова Үміт Битенованың студенттік досы, еліміздің тұңғыш қазақ тіліндегі “ҚР Көші-қон туралы Заңының” авторы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, астаналық ақын-композитор Әкім Ысқақтың құттықтауын тыңдатып, жылы лебізін жеткізді.
Кеште ақынның «Үшаралым», «Мама», «Қыздар-ай» әндері орындалып, «Бүгін мейрам», «Күз», «Таразым», «Кітапханашы», «Жан құрбым», тағы басқа да көптеген өлеңдері жатқа оқылды. Осы кешке арнайы Меркі ауданынан келген №44 жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мүғалімі Мадияр Бекбергенұлы мен іс-шараны жүргізген ақын Марал Хантөреқызы және Азиза Әскербек, Зере Емберген, Айлун Темаева есімді 6-сынып оқушылары Үміт Битеноваға деген арнауларын оқыды.
- Бүгінгі керемет кештің себепкері Үміт Қыранқызы. Үміт Битенованы жақсылап танығаныма екі жылдай болды. Ал бүгінгі осынау кеште өмір тарихыңызбен таныса отырып, тіпті сіздің алдыңызда басымды игім келеді. Әке-шешесіне, өзінің Отанына, жұбайына, ұстаздарына деген әдемі махаббатты бір-бірімен ұштастыра алған, барлық қырымен жан-жақты, бүкіл өмірін өлеңмен өрнектеген, бақытын өлеңнен тапқан қазақтың ақын қызы, әнші қызы десек те болады, қазақтың батыр қызысыз. Мен педагог ретінде айтар ем, әсіресе, бір істі бастар кезде сіздің өлеңдеріңіз бізге күш-қуат береді, потенциалымызды ашады. Кейбір өнер мен шығармашылық адамдарында өнері мен шығармалары жоғары деңгейде болғанымен, өздерінің мінез-құлық, табиғаттарында бір әттеген-айлар кездесіп қап жатады. Алла тағаланың шеберлігі шығар, осындай өнегелі отбасы, әдемі жұп айналасына өмір сүруді үйретеді. Сіздерді көріп елдің бәрі бақытты өмір сүруге талпынады. Үміт Қыранқызы мен Ерекең бізге бақытты ғұмыр кешуді үйретіп жатыр. “Ешкімге айтпаған сырларыңызбен” бірге педагогикалық тағлымдама жазып ұсынуыңызға тілектеспін. Ол сіздің қолыңыздан келетініне менің көзім жетеді. Мына мен сыйлап отырған күнделік бетінде бақытты болудың формуласын, жолдарын көрсететін сіздің алуан түрлі педагогикалық тағлымдамаларыңыз өмірге келе берсін дегім келеді. Бүгін баршамыз үлкен әсер алып отырған осы кездесуді ұйымдастырушыларға көп рахмет!,- деді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Бұзаубақова.
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты»жобасы аясында 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024