Жамбыл жаңалықтар

Ақын Үміт Битенованың 60 жас мерейтойына орай әдеби кеш өтті

Жиынға бірқатар ақын-жазушылар қатысты

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Үміт Битенованың 60 жас мерейтойына орай «Жүрек үні: Өлеңмен өрілген үміт» тақырыбында әдеби жиын өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ш. Уәлиханов атындағы облыстық кітапхана бүгін «Ел болып оқимыз» жобасы аясында белгілі ақын, әнші-сазгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенованың 60 жас мерейтойына орай «Жүрек үні: Өлеңмен өрілген үміт» тақырыбында әдеби шеберхана ұйымдастырды. 
Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеп, ой-санасына оралған өлең-жырды олжа етіп, ақ қағаз бетіне түсіріп, өмірдің таңғажайыптарын әрлеп жүрген дара болмысты шығармашылық иесі Үміт Битенова жайлы жергілікті зиялы қауым өкілдері, жазушыны білетін замандастары, жақындары Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Шәріп Даулетбаев, балалар жазушысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «AQ JOL» газетінің аға тілшісі Марат Құлибайұлы, Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Жайдарбекқызы Бұзаубақова, Жамбыл облыстық мәслихат депутаттары, «Қазақстан Халық Партиясы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Жанат Бастаубаева, Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова, облыстық «AR-AI» газетінің тілшісі Құралай Сейсенбекқызы, жас ақын, журналист Арайлы Жақсылық және ақынның жолдасы «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, айтыскер-ақын Ербол Қамбатыров келіп, қызықты әңгімелер, жылы лебіздерімен бөлісті.  
Айтбала Жолмаханова Үміт Битенованың студенттік досы, еліміздің тұңғыш қазақ тіліндегі “ҚР Көші-қон туралы Заңының” авторы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, астаналық ақын-композитор Әкім Ысқақтың құттықтауын тыңдатып, жылы лебізін жеткізді.
Кеште ақынның «Үшаралым», «Мама», «Қыздар-ай» әндері орындалып, «Бүгін мейрам», «Күз», «Таразым», «Кітапханашы», «Жан құрбым», тағы басқа да көптеген өлеңдері жатқа оқылды. Осы кешке арнайы Меркі ауданынан келген №44 жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мүғалімі Мадияр Бекбергенұлы мен іс-шараны жүргізген ақын Марал Хантөреқызы және Азиза Әскербек, Зере Емберген, Айлун Темаева есімді 6-сынып оқушылары Үміт Битеноваға деген арнауларын оқыды.