Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай Таразда халықаралық ақындар айтысы өтті
Биыл сегізінші рет ұйымдастырылған дәстүрлі айтыс алғаш рет халықаралық деңгейде өтіп, оған Қазақстанның әр өңірінен және Қырғызстаннан келген 12 ақын қатысты.
Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен “Баласағұн” орталық концерт залында “Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!” атты халықаралық ақындар айтысы кең көлемде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Айтулы мәдени шара қазақ поэзиясының алыбы, суырыпсалма өнердің символына айналған Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналды.

Бұл айтыс – тек өнер додасы ғана емес, ұлттық рухты ұлықтайтын, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын тағылымды алаң болды. Ғасырлар бойы жалғасқан айтыс дәстүрі бүгінгі күні де өз маңызын жоймай, жаңа мазмұн, жаңа серпінмен дамып келе жатқанын көрсетті.
Биыл сегізінші рет ұйымдастырылған дәстүрлі айтыс алғаш рет халықаралық деңгейде өтіп, оған Қазақстанның әр өңірінен және Қырғызстаннан келген 12 ақын қатысты. Қос елдің сөз зергерлері сахна төрінде кездесіп, ортақ рухани құндылықтарды жырлап, бауырлас халықтардың мәдени байланысын нығайта түсті.

Айтыс барысында ақындар ел бірлігі, тіл тағдыры, жастар тәрбиесі, қоғамдағы өзекті мәселелер мен ұлттық болмыс төңірегінде ой қозғап, өткір де ұтымды әзіл, терең мағыналы шумақтар арқылы көрермен ықыласына бөленді. Көрермендер әрбір сәтті ұйқас пен тапқыр жауапты зор қошеметпен қарсы алып, зал іші ерекше рухани атмосфераға бөленді.
Іріктеу кезеңдерінен озып шыққан Мұхтар Ниязов, Аспанбек Шұғатай, Нұрсұлтан Малдыбаев және Жанерке Қамбар финалда тартысты дода көрсетіп, нағыз сөз сайысының үлгісін паш етті.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені жамбылдық жас ақын Жанерке Қамбар жеңіп алды. Жеңімпазға арнайы диплом, “Жамбыл Жабаев” төсбелгісі және 2 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты облыс әкімінің аппарат басшысы Лесбек Ілебаев табыс етті.
Жүлделі І орынға Мұхтар Ниязов (Қызылорда облысы), ІІ орынға Аспанбек Шұғатай (Павлодар облысы), ІІІ орынға Нұрсұлтан Малдыбаев (Қырғызстан) ие болды. Ақтөбелік ақын Аруна Керімбек “Күләш Ахметова” атындағы арнайы жүлдемен марапатталып, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Зұлқарнайұлы атынан арнайы сыйлыққа ие болды.

Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен “Жамбыл Жабаев” атындағы төсбелгілер табысталды.
Айтыстың қазылар алқасына ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман төрағалық етті.
Тараз төрінде өткен бұл халықаралық айтыс – қазақтың төл өнерінің өміршеңдігін, ұлттық рухтың асқақтығын және сөз өнерінің шексіз мүмкіндігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сонымен қатар, мұндай ауқымды мәдени іс-шаралар өңірдің рухани дамуына серпін беріп, жас ақындардың шығармашылық әлеуетін арттыруға үлкен ықпал етеді.

Айтыс – халықтың үні, елдің айнасы. Ал осындай халықаралық деңгейдегі додалар оның болашағы жарқын екенін айқын көрсетеді.