Жамбылда 1-ші қыркүйекте үш жаңа мектеп ашылады
Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садыров айтты
Басқарма басшысы Өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте облыстағы мектептердің жаңа 2024-2025 жылғы оқу жылына дайындығы жайлы айтып, журналистердің сауалына жауап берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Рауан Садырқұлов мәлімдегендей, облыста жаңа оқу жылында 507 орта білім беру ұйымдарына 248 мыңнан аса оқушы келеді деп күтілуде. Оның ішінде бірінші сыныпқа болжаммен 20 800 оқушы қабылданбақ. Осылай деген басқарма басшысы тозығы жеткен мектептер мәселесі де шешілетінін айтты.
Сонымен қатар әлеуметтік осал топқа жататын отбасындағы әр балаға киім-кешек алуға 47389 теңгеден берілген. Осы орайда жауапты маман «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясының өткізіліп жатқанын жеткізді. Демеушілер тарапынан да оқушыларға көрсетіліп жатқан көмек аз емес.
Білім басқармасы басшысының сөзіне сүйенсек, аймақтағы интернет жылдамдығы 20 мегобит/сек жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 63%-дан 97,4%-ға жоғарылаған.
Сондай-ақ биыл балалардың сабақтан тыс уақыттарын дұрыс ұйымдастыру мақсатында облыста 78 мектептен тыс мекеме жұмыс істейді. Осылайша аймақта қосымша біліммен қамту үлесі – 81,8% жетіп отыр. Мектеп оқушылары арасындағы құқық бұзушылық пен буллингтің алдын алу бойынша да бірқатар жобалар қолға алынған.
Білім беру саласына өткен жылы 280 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш еселене түкен. Тиісінше, биыл бұл салаға 319,2 млрд теңге бөлініп, былтырғы жылмен салыстырғанда 14%-ға өскен. Осы орайда мектепке дейінгі ұйымдармен қамту үлесін арттыру мақсатында өткен жылы 3197 орындық 15 жекеменшік балабақша ашылса, биыл жыл соңына дейін 1625 орындық 19 жекеменшік балабақша ашу көзделіп отыр.