Жамбылда 1000-ға жуық сотталған азамат жұмыспен қамтылған
Жамбылда 1000-ға жуық сотталған азамат жұмыспен қамтылған
Еңбек – түзету құралының ең ұтымды тәсілі. Осыған орай, бүгінгі таңда бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтейтін адамдарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл мақсатта түзеу мекемелерінде өндіріс орындарын ашу үшін кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Себебі, жұмыс сотталғандардың қоғамға бейімделуіне ықпал етіп қана қоймай, жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалды төлеуге және өз отбасына көмектесуге мүмкіндік береді. Жуырда өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде өткен жиын барысында түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу сондай-ақ тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету мәселелері кеңінен талқыланды. Департамент бастығы әділет полковнигі Нияз Рыспаевың төрағалығымен өткен басқосуға облыс әкімдігі мен прокуратураның, «Атамекен» ҰКП-ның және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, 5513 әскери бөлімінің қызметкерлері, ЖШС басшылары сондай-ақ ҚАЖ департаменті бастығының сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Еркін Нұрбаев қатысты. Жиынды ашқан Нияз Қанатұлы облыста сотталғандарды жұмыспен қамту жолға қойылғанын, ендігі кезекте оның көлемін ұлғайту басты мақсат екенін атап өтті. - Қазіргі таңда өңірдегі түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілер кәсіпкерлермен жүргізілген келісім-шарт негізінде жұмыспен қамтылған. Олар айлық табысынан 50% мемлекетке, жеке тұлғаға келтірген шығындарын төлейді, ал қалған бөлігін өздеріне, отбасыларына жаратады. Сотталғандарды жұмысқа орналастыру – олардың қайта қылмыс жасауының алдын алып, түзелуіне ықпал етеді, - деді Н.Рыспаев. Басқосу соңында жеке кәсіпкерлермен әріптестік қарым-қатынас орнатылуының нәтижесінде матрас өндіретін «Асимус» кәсіпорнының басшылары Қанат Тойбаев пен Гүлсім Елешова 50-ден аса жазасын өтеушінің екі қолына бір күрек табылуына ықпал етуге уәде берді. Айта кетейік, бүгінгі күні өңірдегі 3 мыңнан аса сотталғандардың 1000-ға жуығы жұмыспен қамтылып отыр.