Жамбыл жаңалықтар

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ержет Жарылқасын елге оралды

Спортшыны жерлестері сән-салтанатымен күтіп алды

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ержет Жарылқасын елге оралды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Тараздық балуан Ержет Жарылқасын олимпиадалық емес салмақта өткен әлем біріншілігінің күміс медалін жеңіп алды. 63 килограмға дейінгі салмақта ел намысын қорғаған жерлесіміз ақтық сында әзербайжандық Нихад Захид Мамедлиге есе жіберді. Қорытынды есеп 1:6 ұпаймен қарсыласының еншісіне жазылды. Осылайша, спортшымыз еліміз егемендік алғаннан бері грек-рим күресінен әлем чемпионатының финалында өнер көрсеткен 9-шы қазақ балуаны атанды. Сондай-ақ, оның қоржынында Азия біріншілігінің алтыны да бар.

Жалпы, ол осы жылдың сәуір айында Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында өткен Азия біріншілігінде жасындай жарқылдады. Татами шебері осынау турнир барысында Оңтүстік Корея, Сауд Арабия және Солтүстік Кореяның бетке ұстар балуандарын тізе бүктіргенін спорт жанкүйерлері ұмыта қойған жоқ. Ал, финалдағы қарсылас оңай емес. Ол Жапон елінің ақ үміті Аята Сузуки. Десе де, тарихы терең Тараздың түлегі білгенінен жаңылмады. Біздің жігіт ә дегеннен-ақ жоспарлы айла-тәсілге көшіп, мысы басым жапондықты жолда қалдырды. Айта кетерлігі, бұл Ержеттің ересектер арасында жеңіп алған алғашқы жүлдесі еді. Бұған дейін оның 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы деген атағы болатын.

Ал, Албания астанасы Тиранада өткен тартысты жарыстың жөні бөлек. Себебі, мұнда әлемнің 100-ден аса мемлекетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар күш сынасты. Жерлесіміздің алғашқы қарсыласы болған поляк Майкл Тракс. Бабы мен бағы келіскен балуанымыз бұл сыннан сүрінген жоқ. Есеп – 9:0. Екінші белдесуде ойдағыдай өтті. Ер Ержет әлемдік рейтингте 2-ші орынға жайғасқан франциялық Стефан Роджер Клэментті 10:0 есебімен ойсырата ұтты. Жартылай финалда ресейлік Садык Лалалаевтан 8:0 есебімен басым түскен саңлақ ақтық сынға жолдама алды. Алайда, белдесу барысында асығыстық танытқан балуанымыз алтынға бір табан жақын қалғанда мүлт кетті. «Негізі финалға мықты көңілмен шыққанмын. Бәрі жетіп тұрды. Дайындығымыз да жақсы болды. Бірақ ойымдағыдай болмады, асығып кеттім. Бапкерлеріме рахмет айтамын», – деді спортшы белдесуден соң.

Десе де, «ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» деген бар. Жамбыл жұрты Албанияда абыройымызды асқақтатып, алтынға бергісіз күміске қол жеткізген ұланына лайықты құрмет көрсетті. Бірер күн бұрын көне қаланың шығыс қақпасына жиналған көпшілік Ержетті зор қошеметпен күтіп алып, оған алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі. Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов ересектер арасында тұңғыш рет күміс жүлдеге қол жеткізген балуанның болашағынан зор үміт күтетінін атап өтті.

– Әлем біріншілігінде бақ сынаған балуандардың осал болмағаны анық. Осы себепті, кіл мықтылардың арасында шын мықты атанып, өзінің мықтылығын дәлелдеген Ержет балуанға тараздықтардың атынан алғыс айтамыз. Әр белдесуіне жауапкершілікпен қарайтын балуанымыздың алар асуы әлі алда. Спортшымыз алдағы уақытта да жеңісті жолын жалғастырып, халықтың үмітін ақтайды деп сенемін, – деді Ернар Таласбекұлы.

Бұдан кейін, сөз алған балуанның жеке бапкері Асылжан Байзақов құшақ жая қарсы алған жерлестеріне алғысын жеткізіп, шәкіртін 2028 жылы Америка Құрама Штаттарының Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындау жоспарында бар екенін айтты. Ол өз сөзінде қазақстандық жанкүйерлердің оның ішінде, туған елінің ақ тілеуі спортшыларға ерік-жігер сыйлайтынын атап өтті. «Албанияға алтын аламыз деп аттандық. Бұйырғаны күміс жүлде. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Ержетке ақтық сында тәжірибе жетіспеді ме, әлде психологиялық тұрғыда ауыр белдесу болды ма осының бәрін саралайтын боламыз. Шәкіртім болашақта грек-рим күресінен теңдессіз шебер екенін дәлелдеп, үздік атанады деп ойлаймын. Өздеріңіз білетіндей, 63 килограмм олимпиадалық салмақ емес. 2027 жылы салмақ ауыстырып, келер жылы төрт жылдықтың басты додасында бағымызды сынап көреміз деген жоспарымыз бар. Бүгін бізді қолдап келген барша жанкүйерлерге ризашылығымды жеткізгім келеді. Біз жерлестеріміздің қолдауын үнемі сезініп келеміз», – деді Асылжан Жақыпұлы.

Айта кетейік, бүгінде Ержеттің дәл осы бапкерінің қол астында жаттығып келе жатқанына он жылға жуықтады. Оған дейін балаң жігітке грек-рим күресінің әліппесін үйреткен алғашқы жаттықтырушысы Нүркен Қырбасов бозбаланың бойындағы талантын бағалап, біліктілігі мол әріптесіне тапсырған. Соның нәтижесінде облыс орталығындағы жоғары спорт мектебінде шынығып, шыңдалған саңлақ талай жарыстарда атой салып үлгерді. Әрине, олардың ішінде ең сүбелісі  – күміспен күптелген әлем біріншілігі.