Жамбылда 27 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды
Жамбылда 27 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды
Жамбыл облысында тоғыз айдың қорытындысы бойынша экономиканың барлық салаларында оң динамика сақталды. Есепті кезеңде өңірдегі экономикалық өсім 4,6 пайызды құрап отыр. Бұл туралы мәслихат депутаттары алдында есеп берген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев атап өтті. Жыл басынан бері 480,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 11 пайызға өссе, 267 млрд. теңге инвестиция тартылып, 11 пайызға ұлғайды.
Фармацевтика саласындағы өнім көлемі 2,8 есеге өсті. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ жанындағы вакциналар шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылысы аяқталды. 1млн.750 мың доза вакцина «СК-Фармация» хабына жіберіліп, еліміздің барлық өңіріне жеткізілді. Одан бөлек, Қырғызстан мемлекетіне де 25 мың доза гуманитарлық көмек кетті. Аймақ басшысы кәсіпкерлерге шағын несие беру үшін жалпы 8,1 млрд.теңге қаралып, оның 7,9 млрд. теңгесі игерілгенін тілге тиек етті.
Жиында «Тасөткел» су қоймасы қалпына келтіріліп жатқаны, қосымша тағы жеті су қоймасына келтіріледі. Есепті кезеңде 363 тонна балық ауланды, оның 200 тоннасы форель балығы. 332,8 тонна бал өндірілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Алқаптан сөреге дейін» жобасының аясында облыс орталығы мен он ауданда барлығы 32 әлеуметтік павильон ашылды. Облыста 4482 пәтерлі 76 тұрғын үй құрылысы жүруде, жыл соңына дейін 2902 пәтерлі 50 үй тапсырылады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 3,6 шақырым жол салынып, 440,7 шақырым жолға орта жөндеу жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автожолдардың үлесі 95 пайызға жететін болады. 12 ауылдық елді мекенге су құбыры жүргізіліп, қамтылу деңгейі 88,7 пайызға дейін артады. 20 елді мекен табиғи газбен қамтылып, 83,8 пайызға жетеді. Барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар аясында 27,1 мың жаңа жұмыс орны ашылды, оның 14,8 мыңы – тұрақты. Ағымдағы жылдың 8 айында облыстағы орташа жалақы 25,8 пайызға (203,8 мың теңге) артты. Жыл басынан бері жаңа бес мемлекеттік мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы үш оқу ордасының құрылысы аяқталады. Одан бөлек, жеке инвестиция есебінен 12 жеке мектеп соғылды. 3-6 жас аралығындағы балалар толығымен мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылған. Өңірдегі 43 700 педагогтың жалақысы 25 пайызға өсті. Облыс орталығында алғаш рет «Оқушылар сарайының» құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жамбыл облысында бюджеттен тыс қаржыға жобаларды жүзеге асыру игі үрдіске айналған. «Жомарт түлек» жобасы шеңберінде табысты түлектердің демеушілігімен 2,8 млрд. теңгеге 73 елді мекенде жобалар жүзеге асып жатыр. «Асарлатып үй салу» жобасымен былтыр 103 мұқтаж отбасы ауылдастарының көмегімен баспаналы болса, биыл тағы 138 үйдің құрылысы басталып, 38-і пайдалануға берілді. «Таразға тарту» жобасы аясында облыс орталығындағы 42 нысанда абаттандыру жұмыстары қолға алынып, 37-сі аяқталды. Сонымен қатар, «ARAI» емханасы жұмысын бастады. Жалпы айтқанда, демеушілер тарапынан 12,7 млрд.теңгеге 10 әлеуметтік нысан бой көтерді. Аймақ басшысы жуырда ғана Таразда өткен «Қазіргі кезеңдегі этносаралық келісім: тәжірибе мен алдағы міндеттер» атты халықаралық конференциясының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Оған Ресей, Украина, Израиль, Болгариядан келген белгілі сарапшылар Таразды өркениеттер ошағы ретінде бағалап, тарихи тағылымына айрықша назар аударғаны, қатысушылардың Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыста жүзеге асып жатқан «Бейбітшілік пен келісім» жобасын тәжірибе ретінде таратуды ұсынғаны шараның маңыздылығын айшықтай түскендігі сөзсіз. Мәслихат депутаттары облыс әкімінің есебін бірауыздан мақұлдап, оң баға берді.