Жамбылда 38 әкім бірінші рет сайланды
Жамбылда 38 әкім бірінші рет сайланды
Биылғы екінші жартыжылдықта Жамбыл облысында 53 сайлау округінде, оның ішінде Қаратау, Шу сынды аудандық маңызы бар қалалардың, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Сайлау округтеріндегі сайлаушылар тізіміне 189 525 азамат енсе, 160 695 сайлаушы дауыс берген. Олардың ішінде ерекше қажеттіліктері бар сайлаушылардың саны – 442. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде Жамбыл облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов мәлімдеді. Облыстағы 140 сайлау учаскесінде 954 саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары, БАҚ өкілдері сайлау процесін байқауға қатысқан. Әкім лауазымына 172 кандидат ұсынылса, барлық 53 округтің әкімдері сайланыпты. "Партиялардан 48 азамат әкім болды. Оның 42-сі «Nur Otan» партиясының мүшесі, 2-уі «Ауыл» социал-демократиялық партиясынан, тағы 2-уі «Ақ жол» демократиялық партиясынан, 1-уі «ADAL» саяси партиясынан, 1-уі Қазақстан халық партиясынан сайланды. Өзін-өзі ұсыну арқылы 5 адам лауазымға ие болды. Сайланған әкімдердің орташа жасы 41,8-ді құрайды, оның ішінде ең жасы Т.Рысқұлов ауданы Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі, 28 жаста", - деп атап өтті спикер. Серғали Өмірзақұлы әкімдердің 3-еуі әйел екенін де жеткізді. 38-і бірінші рет сайланса, халық 15-ін қайта таңдаған. Сайлау барысында ресми түрде арыз-шағымдар тіркелген жоқ.