Жамбылда қаламгерлердің туған күніне орай мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды
- авторjambylinfo.kz
- 28 қыркүйек, 2024
- 380
Жамбылда қаламгерлердің туған күніне орай мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Шерхан оқулары», аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шебері» атты байқаулар өткізіліп, іс-шараға аудан жастары қатысты. Сонымен қатар Гродеково ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен түрлі этнос өкілдері арасында «Әлемнің тілдік байлығы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шара барысында қаламгерлердің қазақ тіл білімінің дамуына қосқан үлесі туралы мағлұмат берді. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай «Ахмет Байтұрсынұлы туралы қызық деректер» бейнежазбасы жарияланды. Шайқорық ауылдық кітапхананың ұйымдастыруымен «Тіл - әрбір ұлттың жанды бейнесі» мерекелік кеш өтті. Кеш барысында Алаш арысы, Ұлт ұстазы, Ахмет Байтұрсынұлы жайлы мәліметтер айтылды. Соңында кітапханашы А.Изембаева кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Кітапхананың әлеуметтік желілерінде Ш.Мұртазаның “Ай мен Айша” кітабынан үзіндісі жарияланып, сұрақ қойылды. Қазақ халқының қыз баласын тазалыққа, ұқыптылыққа тәрбиелеу мақсатында Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» кітабынан жеке гигиеналық мәселе қамтылған үзінді әлеуметтік желіде жарияланды.
Бұдан бөлек, Шу ауданы білім бөлімінің Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінде қарымды қаламгер, қоғам қайраткері , драматург Мұхтар Әуезовтің туған күніне орай апталық іс-шаралар жоспары құрылып, бекітілген. Жоспарға сәйкес іс- шаралар өз деңгейінде жүзеге асты.Әлем таныған Әуезовтің ұлылығын дәріптеу, шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында Тіл мамандарының ұйымдастыруымен "Мұхтар мұрасы - адамзаттың қазынасы" атты тақырыпта қорытынды кеш өтті . Шара барысында Әуезов шығармалары бойынша қойылымдар қойылып, ұстаздар мен оқушылар арнауларын арнап,жазушының кітап топтамаларынан көрме таныстырылды. Кеш соңында мектеп басшысы Д.Р. Татибеков апталыққа белсене атсалысқан оқушыларды дипломмен марапаттады.
Айта кетейік, дәл осы күні жазушы, драматург Мұхтар Әуезовтің туған күнінде “Атамұра” баспасының “Алаштың тұңғыш білім ордасы” атты кітабы жарық көрген. Бұл туралы “Атамұра” баспасының президенті Рақымғали Абрарұлы өзінің желідегі жазбасында жазды.
- “Бүгінгі үлкен мерекеге, Мұхтар Әуезовтің туған күніне орай тағы бір тамаша кітаптың тұсауын кестік. «Алаштың тұңғыш білім ордасы» деп аталатын бұл кітап – өте құнды тарихи кітап. Кітапта ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің өткен тарихы мен бүгінгі даму жағдайы, жетістіктері баяндалады” деп жазды ол.
Сондай-ақ, ол кітапта білім ордасының тарихы жайлы, нақтырақ айтқанда қазақтың тұлғалары тұңғыш білім алғаны жайлы жазылғанын жеткізді.
“Түсінген адамға бұл кітап - тұнып тұрған тарих. Мысалы, осы білім ордасында еліміздің ұлы тұлғалары Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Ахат Шәкәрімұлы, Шәкен Айманов, Әзілхан Нұршайықов тағы басқалардың білім алғанын немесе дәріс оқығанын жұрттың бәрі біле бермейді.
Бұл кітапта сол ұлы тұлғалардың өз қолымен жазылған өмірбаяндары, тарихи фотолары, мектеп бітірген кезде алған аттестаттары, тіпті, алған бағаларына дейін берілген” деп қосты ол.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, кесек тұлғалы, қайсар мінезді наркескені, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ мекенінде туған. 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963-1970 жж. «Лениншіл жас» газетінің редакторы. Содан кейінгі уақытта «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметін атқарған.
1989-1992 жж. «Егемен Қазақстан»газетінің бас редакторы, 1992-1994 жж. Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған.
Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990-2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К. Смайыловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген.
Қазақ тіліне Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын; Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржімалады. «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды. «Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы. «Құрмет белгісі», «Отан (1999) ордендерімен, медальдармен марапатталған. Тәуелсіз "Тарлан" сыйлығы мен ПЕН-клуб сыйлығының иегері (2003).
Қазақ драматургиясында Оралхан Бөкей есімі айрықша аталады. Өткен ғасырдың 70-жылдарында сахна әлеміне енген суреткердің өнер саласына әкелген жаңалығы мол. «Құлыным менің», «Қар қызы», «Текетірес», «Зымырайды пойыздар», «Жау тылындағы бала», «Жанар», «Атау кере» сынды сахналық туындылары – Оралхан Бөкейдің драматург ретіндегі жұлдызын жарқырата түскен шоқтықты шығармалар.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Нақты міндеттер нәтижеге бастайды
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты»жобасы аясында 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024