Жамбылда Amanat партиясының жол картасы талқыланды: есепті кезеңде 103 көрсеткіштің 11-і ғана толық орындалған
- авторБақытжан Бекболат
- 3 шілде, 2025
- 258

Amanat партиясының Жамбыл облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Фракция отырысына арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Гүлдара Нұрым, сондай ақ облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, басқарма басшылары мен бейнебайланыс арқылы қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасы сайлау науқанында халықтан түскен аманаттар мен ұсыныс-тілектер негізінде жасалып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Партияның осы облыс бойынша 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол Картасында жалпы 103 көрсеткіш бар.
Айта кетсек, 2024 жылдың қорытындысымен өңірлік Жол Картада жобалық-сметалық құжаттаманың созылуына, бюджеттен қаржыландырылмауына және құрылыс жұмыстарының кеш басталуына байланысты 6 тармақ орындалмай қалған. Ал кеше өткен партия депутаттары фракциясының отырысында сайлауалды бағдарламаның Жол Картасындағы биылғы көрсеткіштердің 6 айда орындалу барысы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің есепті баяндамасы тыңдалды.
Баяндамашы облыс әкімдігі Amanat партиясының «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасының Жол Картасын іске асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатқанына тоқталды. Жол Картасында жалпы 5 бағыт бойынша 18 міндет және 103 көрсеткішке қол жеткізу, оның ішінде биыл 78 көрсеткіштің орындалуы қарастырылған. Есепті кезеңде олардың 11-і орындалса, 5-і ішінара орындалған, 46-сы орындалу үстінде.
– Жол Картасы аясында 2025 жылға 182 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде аймақ экономикасының дамуы мен ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға 17,6 миллиард, инфрақұрылым жүйесін жақсартуға – 72,4 миллиард, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының қолжетімділігін арттыруға – 85,3 миллиард, әлеуметтік санаттағы азаматтар мен жастарды қолдауға 6,7 миллиард теңге жұмсалады. Мәселен, аймақ экономикасының дамуы, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту бойынша биыл 23 көрсеткіш қарастырылса, есепті кезеңде оның 5-і орындалды, 1-і ішінара орындалды, 12-сі орындалу үстінде. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау мақсатында 47 тауар өндірушімен және 243 сауда дүкенімен меморандум жасалды. Есепті кезеңде 12,8 мың жұмыс орны құрылды. Субсидияланатын және бос жұмыс орындарына 12,9 мың азамат жұмысқа орналасты. Бірыңғай индустрияландыру картасы шеңберінде 118,7 миллиард теңгеге 7 жоба іске асырылуда. Гранттық қаржыландыру құралы бойынша биыл 21 миллион теңге қаражат бөлініп, 5 жобаны қаржыландыру көзделуде. Инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту аясында қарастырылған 12 көрсеткіштің есепті кезеңде 1-і орындалса, 9-ы орындалу үстінде. Тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін биыл өңірде бюджет қаражаты есебінен 2030 пәтерлі 44 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін арттыру бойынша 5,5 миллиард теңгеге 112,1 шақырым облыстық, аудандық маңыздағы жолдар, 14 миллиард теңгеге 332,4 шақырым ауылішілік жолдар жөнделуде, – деді Н.Календеров.
Бұдан кейін Нұржан Сәбитұлы таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті аясында 15,4 миллиард теңгеге 36 ауылдық елді мекен мен 9 тұрғын алқапты ауыз сумен қамту жоспарланып отырғанын, нәтижесінде елді мекендердің сапалы ауыз сумен қамтылуы 100 пайызды құрайтынын, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аудандар мен Тараз қаласында 11 көше жарықтандырылатынын және Қордай, Талас, Сарысу аудандарында өрт сөндіру бекеттерін құру қолға алынатынын айтты. Сапалы білім алу үшін оқудың қолайлы жағдайын жасау және білім беру сапасын арттыру мақсатында биыл 5,9 мың орындық 26 білім нысанының құрылысына 28,8 миллиард теңге, 14 нысанды күрделі жөндеуге 9,5 миллиард теңге бөлінген. Бүгінде 2350 орындық 4 мектеп пайдалануға берілді.
Нәтижесінде, 1 апатты, 1 үш ауысымды, 7 орын тапшылығы бар, 6 тозығы жеткен мектеп мәселесі шешіледі. Денсаулық сақтау қызметінің қолжетімділігін арттыру міндеті аясында биыл 1,4 миллиард теңгеге 5 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп, 1,5 миллиард теңгеге 5 нысан күрделі жөндеуден өтеді.
Бұған дейін 45 келушіге арналған 1 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген. Нәтижесінде, денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 42,3 пайызға дейін төмендеп, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуі 92,9 пайызға жетпек. Мәдениет саласында 16 нысанның құрылысы жүруде. Ал спорт саласында 18 нысанның құрылысы және 1 нысанға күрделі жөндеу жүргізіледі. Баяндамада сондай-ақ әлеуметтік санаттағы азаматтар мен жастарды қолдау бойынша 12 көрсеткіштің 2-і орындалып, 8-і орындалу үстінде екені айтылды.
Мәселен, Жуалы ауданында Отбасын қолдау орталығы қызмет көрсетуде және осындай орталықты Мойынқұмда ашу жұмыстары жүргізілуде. Биыл 92 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын бейімдеуге 95,8 миллион теңге бөлініп, 84 нысанда бейімдеу жұмыстары толығымен аяқталған. Фракция отырысында облыстық мәслихаттың депутаттары Ерұлан Мағзымбеков, Андрей Савченко, Айдар Жузанов және Эльмира Қойлыбаеваның есептері тыңдалды.
– Депутаттың беделі оның іскерлігіне де көп байланысты. Мәселен, 2024 жылдан бастап депутаттардың жұмысына мониторинг жүргізілуде. Жолданған сауалдар, оның орындалуы, қоғамдық қабылдаулар өткізу, халықпен кездесулер, жол картасының орындалуына бақылау жүргізу, әлеуметтік желідегі ашықтық – осының барлығы сіздердің бедел көрсеткіштеріңізді қалыптастыруда. Дегенмен, бүгінде бірқатар депутаттардың белсенділігі байқалмайды. Атап айтар болсақ, бірінші жартыжылдықта 82 депутаттық сауал жолданса, кейбір депутаттар мүлдем сауал жолдамаған, ал кейбірі бір-бірден бірлескен сауал жолдаумен шектелген. Депутаттар әр тоқсан сайын кемінде бір сауал жолдауы керек, себебі бұл олардың жұмысының айқын көрінісі. Біздің алға қойған басты мақсатымыздың тағы бірі – сайлаушылармен кері байланыс орнату. Мұнда да депутаттардың бір бөлігі әлеуметтік желіде белсенділік танытып жүрсе, екінші бір бөлігінде ондай әрекет байқалмайды. Жалпы, депутаттық міндеттерді орындау бойынша әлеуметтік желілерде жарты жылдың қорытындысы бойынша 5 мыңға жуық жазба жазылды, – деп жиынды қорытындылаған Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов әлеуметтік желідегі белсенділік депутаттар үшін маңызды жұмыстың бірі екенін, ол сайлаушылармен кері байланысты нығайтатынын, сондықтан бұл мәселеге жауапты қарау қажеттігін еске салды.