Жамбыл жаңалықтар

Жамбылда «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды

The final spritzer

Бүгін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» және «Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту» жөніндегі аймақтық кеңестердің бірлескен отырысы өтті.

Кеңес отырысы партияның облыстық филиалының мәжіліс залында ұйымдастырылып, оған кеңес мүшелерімен қатар, облыс әкімдігі мен бірқатар қаржы ұйымдарының өкілдері де қатысты, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Кеңеске қатысушыларды «Өңірлік даму» жөніндегі аймақтық кеңестің төрағасы Фарида Жүнісова қарсы алып, күн тәртібіндегі негізгі мәселе – «Ауыл аманаты» жобасының өңірде жүзеге асырылуы екенін атап өтті. Отырыста 24 кеңес мүшесінің 17-сі қатысқаны, ал қалған 7 мүше түрлі себептермен келе алмағаны айтылды. Сонымен қатар, жиынға ZOOM платформасы арқылы аумақтық филиалдардың төрағалары мен аудан әкімдіктерінің өкілдері де қосылды.

Жобаның Меркі ауданындағы жүзеге асырылуына байланысты жүргізілген зерделеу жұмыстары бойынша баяндама жасаған кеңес төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Керімқұл Бегалиев жобаның тиімділігімен қатар бірқатар кемшіліктер де бар екенін мәлімдеді. 

 

 

Оның сөзін Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев жалғастырып, нақты мысалдар келтірді.

 

 

Ал, жобаны өңірде жүзеге асырып отырған сенімді агент – «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Еркін Жылысбек жиналғандарға «Ауыл аманаты» жобасының негізгі бағыттары мен нәтижелері туралы ақпарат беріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. 

 

 

Кеңесте сөз алған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеев те «Ауыл аманаты» жобасының өңірлік көрсеткіштерге әсерін саралап өтті.

Кеңес соңында сөз алған Фарида Жүнісова «Ауыл аманаты» жобасының өңірлік дамуға қосар үлесі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама партияның 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының маңызды бағыты ретінде белгіленген.

2024 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеуіне байланысты жобаға қатысты бірқатар көрсеткіштерге қол жеткізілмеген. Алайда 2025 жылдың бірінші тоқсанында осы бағытқа 5 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражат 740-қа жуық жобаны қаржыландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жыл соңына дейін жобаның толық ауқымда орындалуы үшін қосымша 15 миллиард теңге қажет болатыны айтылды. Осыған орай, өңірлік кеңес тарапынан Парламент депутаттарына қаржылық қолдау мәселесін шешу үшін арнайы хаттар жолданған.

Кеңес жұмысы барысында қатысушылар жобаның жетістіктері мен кемшіліктерін талқылап, алдағы уақытта оны жетілдіру жолдарын қарастырды. Жиын соңында бірлескен отырыс өз жұмысын қорытындылап, алдағы міндеттер белгіленді.